Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті заңсыз араласудан қорғау бойынша қосымша шаралар қабылдады.
Агенттік бизнестің мүдделерін қозғайтын кез келген тергеу әрекеттерін қосымша келісуді көздейтін алгоритм әзірледі. Негізсіз ұстауларға, тінтулерге, негізсіз ақпарат алуға жол бермеу мақсатында қызметкерлердің іс-әрекеттеріне бақылау қатаңдатылады.
Сонымен қатар, Агенттік қызметкерлері мен «Атамекен» ҰКП өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылады.
Топтың негізгі міндеті — ақпаратты жедел алу және бизнестің шағымдары бойынша мәселелерді алқалы түрде қарау.
Топ тексеру бойынша шағымдарды және кәсіпкерлерге қатысты басқа мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы өтініштерді қарайтын болады.
Айта кетейік, аталған шаралар Мемлекет басшысының бизнесмендермен кездесуінде айтылған тапсырмаларын орындау аясында қабылданған.
«Біз тек өзімізден ғана емес, басқа да мемлекеттік құрылымдардың адал бизнестің жұмысына араласуынан қорғауымыз керек», — деді Антикоррупциялық қызметтің Төрағасы.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі