Ауылдарды таза ауыз сумен қамту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында тұрған сұрақ. Сол бағытта ауданда кешенді жұмыстар атқарылып келеді.
Аудан орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Алға ауылдық округіне қарасты, Алға ауылында құрылысы аяқталған жаңа ауыз су құбыры желісінің ашылу салтанаты өтті.
Қуанышты шараға, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі, округ әкімі, ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары алып, жаңа нысанның ауыл өмірі үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту – мемлекет тарапынан қолға алынған басым бағыттардың бірі.
«Бүгін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Алға ауылында жаңа ауыз су құбырын қолданысқа бергелі отырмыз.
Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елге заңсыз жолмен иемденілген және мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған маңызды жобалардың бірі.
Қордай ауданында бұл бастама нақты істермен жалғасып, маусым айында Үлкен Сұлутөр амбулаториясы қолданысқа берілсе, бүгін міне Алға ауылының тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізіп отыр.
Бұл – тұрғындардың денсаулығын сақтау, санитарлық жағдайды жақсарту, сондай-ақ өмір сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам.
Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, бақыт, табыс және бақ-береке тілеймін!», — деді Бақыт Оңласынұлы құттықтау сөзінде.
Шара барысында Алға ауылының ақсақалы сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, ақ баталарын берді.
Құттықтау сөздерден кейін, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Жиналған қауым таза су құбырынан ағып тұрған мөлдір судан дәм татты.
Айта кетейік, аталған құрылыс жұмыстарын атқарған мердігерлік мекеме- «Темир-Строй Сервис и КО» ЖШС.
Әділет САТЫШЕВ