АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ

0

Жерлестеріміздің түрлі салаларда жеткен жетістіктерін паш ететін айдарымыздың осы жолғы кейіпкері – аудандық №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Азиз Айберген. Жақында жас спортшы байрақты жарысқа қатысып, олжалы оралды.

Осы жылдың 4-ші және 13-ші маусымы аралығында Шымкент қаласында 2007 жылы туылған балалар арасында футболдан Қазақстан чемпионаты өтті. Турнирге еліміздің 10 облысының, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының құрама командалары қатысып, өнер көрсетті. Елімізге Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Сейдахмет, Бахтиер Зайнутдинов сынды футбол жұлдыздарын тәрбиелеп берген Жамбыл облысы осы жолы да таланттардан кем емес екенін дәлелдей білді. Бір аптадан аса уақытқа созылған чемпионатта барлық ойыннан сүрінбей өткен Жамбыл облысының құрама командасы финалға дейін жетіп, ақтық кездесуде азулы Шымкент командасымен кездесті.

Көпшілік шымкенттіктерге басымдылық бергеніне қарамастан, жамбылдық теңбіл доп шеберлері тегеуірінді қарсылық көрсетіп, 3-1 есебімен жеңіске жетті. Жамбыл облысының құрама командасында қордайлық Азиз Айберген керемет өнер көрсетті. Көпшіліктің назарын өзіне аудара білген жерлесіміз 2 гол және 1 нәтижелі пас беріп, үздік ойыншы атанды.

Атап өту керек, аудандық №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Азиз Айберген Қордайдан шыққан футболдан тұңғыш Қазақстан чемпионы. Оны тәрбиелеп, жаттықтырып жүрген аталмыш спорт мектебінің жаттықтырушысы Сергей Атановтың да еңбегін атап өтпеске болмайды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін Азиз Айбергенді үлкен жетістікпен құттықтаймыз!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.