АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ МҰРАСЫ ЖАСТАРҒА ҮЛГІ

0

Мемлекетіміздің болашақ дамуы мен ұлтымыздың құндылықтарын ұлықтауға қатысты ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» атты мақаласында көпшіліктің көңілінен шығып, көкейіне қонған тұстары аз емес.

 

Президенттің «Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс»  дей келіп, мақаласының соңында: Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін келтіруінің артында көп мән жатыр. Біздің бергі тарихымызда мемлекетшілдіктің, өз халқына қалтқысыз адал қызмет етудің  нағыз үлгісін Алаш зиялылары көрсетті. Олар өз халқының ізгі қасиеттерін қанына сіңірген, ұлт мәдениеті негізінде тәлім-тәрбие алған ұрпақ еді. Алаш қайраткерлерінің бойында халқымыздың өр рухы, қайсар мінезі болды. Сондықтан да олар елі мен жері үшін, ұлтының мүддесі үшін басын бәйгеге тікті. Осы мүдделер жолында табандылық танытып, өмірінің ақырына дейін күресті. Алаштың ардақты ұлдары аңсаған егемендікке, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Алайда сол тәуелсіздігімізді сақтап тұру үшін, жаңа сын-қатерлерге дайын болу үшін де озық білімнен өзге Алаш көсемі Әлихан айтқан мінез керек. Ол – ұлттық рухтан нәр алған мінез болуға тиіс.

Қазіргі қазақ мұғаліміне қажет қасиет – қайраткерлік. Қайраткерлік қайдан шығады? Қажыр-қайраттан, мамандыққа құштарлықтан шығады. Ғасыр бұрынғы Алаш қайраткерлерінің ғұмыр дерегіне үңілсеңіз, барлығы дерлік мұғалім болды. Алыс ауылдарда бала оқытты. Айталық, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов мұғалім болып еңбек етті. Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптай аяулы азаматтар жеке шығармашылықтарын жиып қойып, қазақ баласына қажетті педагогикалық әдістемелер жазып, ұлт мектебінің соқпағын салуға, негізін қалауға арнады. Бұл нағыз қайраткерлік деп білеміз.

Ұлы Абай «Жиырма бесінші сөзінде» орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста деді. Алайда орыстың тілін, оқуын, ғылымын білгенде оның «зарарынан қашық болуды» да естен шығармауды ескертті, ойсыз бас шұлғи беруден сақтандырды.

Алайда отарлық қанауға қарсы күресте азаттыққа жетудің амалдары мен тәсілдері, түпкі мақсаты айқындалған жоқ. Мұны 1905-1907 жылдарғы революциядан бастау алатын Алаш қозғалысы ғана айқындап берді. Алаш жетекшілерінің басты мақсаты мен түпкілікті мұраты ұлттық мүддені қорғайтын, қазақ елін Еуропаның өркениетті елдері қатарына алып шығатын «іргесі бөлек» тәуелсіз, демократиялық сипаттағы ұлттық мемлекет құру еді.

Осы орайда бүгінгі жеткіншектерімізге Алаш арыстарының алмағайып заманда ел үшін еткен еңбектерін бойларына сіңірсек  бүгінгі мемлекетімізді саяси жаңаруға, рухани жаңғыруға жетелейтін игілікті жұмыс болар еді.

 

Гүлнұр ТІлеубердиева,  №51 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.