Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.
Бүгінгі таңда ең кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес және оның торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін.
Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.
Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.
Компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескерту керек. Сондай алданып қалған адамдардың арыздарының көбін тексерген уақытта тергеу органдарына қылмыскерлерді анықтау қиынға соғып жатады, өйткені олар тек біздің елде емес, басқа елдердең шыққан алаяқтар екендігі анықталып жатады.
Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары: дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеу. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады.
Н.АБДЫҚАСЫМ, Қордай аудандық сотының жетекші маманы