«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының нормаларын түсіндіру бойынша Сортөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өтті.
2025 жылдың 13 ақпанында Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Сортөбе ауылдық мәдениет үйінде және №19 Бұлар батыр атындағы орта мектебінде тұрғындармен кездесу өткізіп, Сортөбе ауылдық округі әкімінің сайлауын дайындау және өткізу барысы туралы ақпарат берді.
Сортөбе ауылдық округі әкімінің сайлауы жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Әр сайлаушы жеке дауыс береді. Дауыс беру құқығын беруге, сондай-ақ сайлауда басқа адамдарға дауыс беруге жол берілмейді. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушылардың жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін сайлаушылардың тізімдері негізінде сайлаушыларға берілуге тиіс.
Сортөбе ауылдық округі әкімінің сайлауы бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеніне тіркелген кандидаттардың есімдері, сондай-ақ «Бәріне қарсымын» деген жол енгізілгені туралы айтылды.
Сайлау күні дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін өткізіледі.
Барлық сұрақтар бойынша жауаптар мен түсініктемелер берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қордай аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев Сортөбе ауылдық округінің тұрғындарын азаматтық белсенділік танытып, сайлау учаскесіне келіп дауыс беруге шақырды.