АЛДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР КҮТІП ТҰР

0

Аудан әкімі Мәден Мұсаев ауылдарға жұмыс сапарын сәрсенбі күні Қарасай ауылдық округінен бастады. Шалғайдағы таулы аймаққа барған аудан басшысы алдымен ауылдағы қос мектеп пен дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Былтыр №20 орта мектеп мен медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінде жаңарған нысандарда қызмет атқарып отырған мамандармен тілдескен Мәден Тоқтарбайұлы осыдан кейін ауылдық әкімдіктің мәжіліс залында тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Құрманғазы Жетігенов осыған дейін ауылға жасалған жақсылықтар үшін аудан, облыс басшылығына алғысын айта келе қазіргі таңда ауылда туындап отырған бірқатар мәселелерді айтты. Олардың қатарында ауыз су мен суармалы судың жайы, ауылға газ тарту мәселелері болды. Аудан әкімі ең бірінші ауыз су мәселесін шешу жолдарын қарастыру қажеттігін айта келе қаржы қарастыру жолдарын іздестірілетін болды, сонымен қатар Қарасайда мәдениет үйін салу үшін жобалық сметалық құжаттың дайын екенін айтты, ал газдандыру бойынша жобасын жасауға бюджеттен 21 миллион теңге бөлініп, келер жылға қаржы күтіліп отырғанын жеткізді. Ал, ауыл диқандарына маңызды суармалы суға байланысты «Колос» каналы жайын ретке келтіру үшін жауапты мамандарға тапсырма берілді. Жиын соңында қадірменді ақсақал Асық Уәли аудан басшысына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Аудан басшысы Мәден Мұсаевтың ауылдарға жұмыс сапары келесі кезекте Масаншы ауылдық округінде жалғасты. Мәден Тоқтарбайұлы алдымен ауылдық мәдениет үйіне барып, сонда орналасқан кітапхана мен музейде болды. Қомақты кітап қоры бар оқырмандар үйінде электронды үкімет бұрышы жұмыс істеп, тұрғындарға қажетті анықталамар беруге көмектеседі екен. Келетін оқырмандар саны да жеткілікті. Осыдан кейін Мәден Тоқтарбайұлы Масаншы ауылдық ауруханасына барып, дәрігерлермен сөйлесіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан медициналық мекеме жайын көріп, науқастармен тілдесіп, дәрігерлерден екпе салу процесі жайын сұрады. Осыдан соң ауылдық округ әкімдігі ғимаратында болып, мамандармен кездесті. Келесі кезекте ауыл тұрғындарымен мәдениет үйінде кездесу өткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Соңғы жылдары ауылға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық жайында алғысын білдірген ауыл ақсақалдары, бірқатар сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауаптарын алды. Сондай-ақ, кейбір мәселелер бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар жүктелді.
Мәден Тоқтарбайұлы Масаншыдан кейін Сортөбе ауылдық округіне жол тартып, алдымен ауылдық аурухананың жұмысымен танысты. Бас дәрігер Таня Апаевамен бірге медициналық мекемені аралап көріп, науқастармен тілдесіп, ауылда вакцина салу жұмыстары қалай жүріп жатқаны турасында сұрады. Осыдан кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Онда округте жүріп жатқан құрылыс жұмыстары жайында жауапты мамандардан сұрады. Мәден Тоқтарбайұлы қолға алынған жұмыстарды сапалы атқару керектігін айтып, жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, ұлттар достығы турасында сөз қозғады.
Түс ауа аудан басшысы Ауқатты ауылдық округіне ат басын тіреді. Құрамына үш ауыл кіретін іргелі округті ауыл әкімі Бірлік Манкеевпен бірге аралап, бірінші дәрігерлік амбулаторияға бас сұқты. Дәрігерлерден жұмыс барысы жайында сұрастырып, бірқатар ұсыныстарын айтты. Содан кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен жүздесті. Онда ақсақалдармен сұхбат құрып, округте алдағы уақытта жоспарланып отырған жұмыстар жайында сөз етті.
«Бүгінгі ауылдарға сапарым алдымен таныстық мақсатында болып жатыр. Сол арқылы округтерде болып жатқан проблемалық мәселелерді де түрте жүріп, барлығын назарға алатын боламыз. Алдағы уақытта ауылдың жайлымы, тірлігі, егіндігі жалпы тыныс-тіршілігін зерделеу үшін талай келетін боламыз. Бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр»,- деді аудан әкімі.
Мәден Мұсаевтың сәрсенбі күнгі жұмыс сапары Қарасу ауылдық округінде тәмамдалды. Алдымен Өтеген батырдың мазарына Құран бағыштаған аудан басшысы осыдан кейін батыр есімімен аталған ауылдың мәдениет үйінде тұрғындармен жүздесті. Құрамына Қарасу, Өтеген ауылдары кіретін округте қолға алынатын жұмыстар турасында сөз қозғалды. Жиын барысында аудан әкімі келер жылға округтегі ауылішілік жолдарды жөнге келтіруге күш жұмсау керектігін айтты.
«Аудан орталығының іргесінде тұрса да инфрақұрылым және өзге де даму мәселелері бойынша кенже қалып отырған Қарасу ауылдық округіне үлкен назар аударатын боламыз. Биыл мұнда спорт кешенінің құрылысы басталыпты. Одан бөлек қолға алатын жұмыстар баршылық. Барлығын өздеріңізбен кеңесіп отырып жасайтын боламыз», — деді Мәден тоқұтарбайұлы. Ал, жалпы ауыл жайы туралы Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрған Жасыбаев айтып беріп, жаңа әкім жұмысына сәттілік тіледі.
Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.