Аудан әкімі Бегзат Болатбеков кезекті аудандық мәслихат сессиясына қатысып, онда депутаттар алдында ағымдағы жылдың алты айында Қордай ауданының әлеуметтік — экономикалық көрсеткіштері турасында есеп берді.
Жыл басынан жақсы өсім динамикасын сақтап келген аудан одан әрі бұл жетістікті дамыта түсуді көздеп отыр.
Аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысқан жиында сан саланы қамтыған ауданның бүгіні турасында толыққанды ақпарат берілді. Аудан басшысы баяндамасына аз-кем тоқталып өтсек.
Бегзат Сейсенқұлұлы ауданда нақты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Ағымдағы жылдың маусым айында Қарасай, Еңбек ауылдарына газ құбыры салынса, Керу ауылына газ жеткізу қыркүйек айында аяқталуы жоспарлануда екен.
Сондай-ақ, Гвардейск қалашығын газбен жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жолданса, Бәйтерек, Бел, Мұзбел, Аңырақай ауылдары бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысын алуға құжат тапсырылған.
Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасы бойынша аудан әкімдігі 7 ауыз су желілерінің құрылыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар, 12 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін 179,6 млн. теңгеге жобалаушы мекемелермен келісімшарттар жасалды. Қазіргі таңда Гвардейск қалашығы бойынша сметалық-құжаттары рәсімделіп, энергетика басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылдса, Жаңатұрмыс, Кенен, Керу, Үлкен Сұлутөр ауылдарына су жүргізі үшін жіберілген құжаттың оң қорытындылары алынған.
Баяндама барысында аудан әкімі жұмыспен қамту жайында да кеңінен тоқталып өтті.
«Қордай ауданы бойынша 26 269 аула тіркелген. Экономикалық белсенді 79 325 халықтың 75 723-і жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда, жалдамалы қызметкерлер саны – 36 212 адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 39 511 адамды құрады. Ағымдағы жылдың ІІ тоқсанына «Тұжырымдама аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына» 3338 адам тартылып, 2750 адам жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 205 азамат оқуын аяқтады, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға Қордай ауданына 95 азаматқа жалпы сомасы 140,3 млн. теңге қаражат бөлінді», — деді Бегзат Болатбеков.
Осылармен қатар, аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 ауылдық округта (Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас) 411 тұрғынға 2,5 пайызбен несие беру жоспарланғанын айтып, бүгінгі күнге 364 тұрғын несиелерін алып, жұмыстарын бастағанын, қалған тұрғындардың құжаттары тапсырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда екенін айтты. Сондай-ақ, 2024 жылға аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағытына 171 ұсыныс қабылданыпты, ол бойынша ашылатын жұмыс орны да баршылық.
Баяндама аяқталған соң жарыссөз басталып, аудандық мәслихат депутаты Қатира Уәлиева аудан басшысы жұмысына жақсы бағасын бере келе, бірқатар көкейтесті мәселелерге де тоқталып өтті. Депутат бірқатар мемлекеттік мекемелерде әлі күнге орындаушылық тәртіптің оңды болмай тұрғанын жеткізіп, сонымен қатар Қордай ауылындағы абаттандыру мәселесі әлі де болса сын көтермей тұрғанын айтты.
Халық қалаулылары тарапынан түскен сұрақтарға аудан басшысы нақты жауаптар беріп, депутаттар аудан басшысы жұмысына оң бағаларын берді.
«Аудан халқының әл-ауқатын арттыру, аудан экономикасын дамыту мақсатында алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады. Әрине, бұл тұста халықпен етене жұмыс атқаратын Сіздердің қолдауларыңыз аса маңызды. Сондықтан да Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында көтерілген мәселерді орындауда жұмыла еңбек етіп, бірліктің үлгісін көрсетейік», — деп сөзін қорытындылады аудан әкімі.
Сонымен қатар жиын барысында аудандық салық басқармасы атқарылған жұмыстар турасында есеп беріп, ондағы көкейтесті мәселелер бойныша депутаттар өз сұрақтарын қойды.
Ж.ОМАРОВ