«АЛТЫН ҚОЛДЫ ШЕБЕР»

0

Қарасай батыр ауылындағы Гүлнұр Шәршенбиева үшін қолөнер — сүйікті хобби ғана емес, шығармашылықпен сусындаған өмір салты. Оның қолынан шыққан бұйымдар ауылдық Мәдениет үйінің көркіне айналып, жас буынға шабыт сыйлап келеді.

Ауданымыздың әр ауылынан өз ісіне шын берілген, шеберлігімен елге танылған талантты жандарды кездестіруге болады. Қарасай батыр ауылындағы Мәдениет үйінде осындай ерекше жан – қолөнер шебері, «Айкөркем» үйірмесінің көркемдік жетекшісі Гүлнұр Ысқақбекқызы Шәршенбиева еңбек етеді.

Мәдениет үйі ашылған күннен бастап, Гүлнұр Ысқақбекқызы шәкірттерімен бірге сан түрлі қолөнер бұйымдарын жасап келеді. Қарапайым жіп, мата, киіз бен моншақтардан жасаған туындылары ерекше әсер қалдырады. Бұл бұйымдардың әрқайсысынан қолөнерге деген махаббат пен жан жылуын сезінуге болады. «Мұндай жандарды халық «алтын қолды шебер» деп тегін айтпайды», – дейді әріптестері.

Бүгінде «Айкөркем» үйірмесіне отызға жуық қыз бала қатысып, әрқайсысы өз қолынан бұйым жасауды үйренуде. Үйірмеде жасаған жұмыстарын олар өз үйлеріне естелік ретінде алып кетеді. Бұл — қолөнерге деген ықылас пен өз еңбегіне деген мақтаныштың белгісі.

Гүлнұр Шәршенбиева әртүрлі техникада жұмыс істейді: киізден панно жасау, тоқу, тігу, моншақтан бұйым құрастыру — бәрін шәкірттеріне ықыласпен үйретеді. Ол ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауға ерекше көңіл бөліп, ұрпақ санасына сіңіруді мақсат етеді.

Шебердің қолынан шыққан дүниелердің әсемдігіне көз тоймайды. Қарапайым материалдардан жасалған бұйымдар түрлі іс-шараларға арналған фотозона безендіруіне, ұлттық мерекелердің реквизиті ретінде кеңінен қолданылады. Жылдар өте келе оның шеберлігі шыңдалып, жаңа идеялар туындап, күрделірек жұмыстар жасауға ұмтылысы арта түсуде.

Мәдениет үйіне келген әрбір адам осы нәзік жанның қолынан шыққан бұйымдардың ортасында болудан ләззат алатынын айтады. Шын мәнінде, осы бұйымдар Мәдениет үйінің ішіне жылулық пен жайлылық сыйлап тұр десек, артық айтқандық емес.

Мәдениет үйінің меңгерушісі Алия Санаеваның айтуынша, бұл жаңа мәдениет ошағы ауыл тұрғындары үшін шабыт көзіне айналған. Қарасайлықтар мен ауыл қонақтары мұнда жиі жиналып, түрлі шараларға белсене қатысады. Ал балалар түрлі үйірмелерге қызығушылықпен қатысуда.

Алда Гүлнұр Шәршенбиеваның талай шығармашылық жоспарлары бар. Оның қиялы мен еңбекқорлығы бұл армандарды шындыққа айналдырары сөзсіз.

Анжела ИЗАЕВА

сурет мәдениет үйі мұрағатынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.