АНА ТІЛІМ — ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ!

0

Тіл – әрбір халықтың баға жетпес байлығы, мәдениетінің негізі, рухани тәуелсіздігінің тірегі. 21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні осы құндылықтың маңызын тағы бір мәрте айқындай түседі. Бұл күн тілдік әртүрлілікті сақтау мен дамытуға, әр халықтың ана тіліне деген құрметін арттыруға бағытталған.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Оның қолданыс аясын кеңейту, тіл үйренушілерге қолайлы орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Қордай ауданында мемлекеттік тілді меңгеруге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. 2024 жылы аудан бойынша 1469 тыңдаушы қазақ тілі курсынан өтті. Бұл – тілді меңгеруге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттік тілді оқыту барысында тек грамматикалық білім берумен шектелмей, адамдардың күнделікті өмірде қазақша қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызу маңызды. Осы мақсатта «ŞAÑYRAQ» клубы құрылып, жыл бойына 12 отырыс ұйымдастырылды. Клуб отырыстарына 220 тыңдаушы қатысып, қазақ тілінде еркін сөйлеу дағдылары қалыптасты.

Ал, 2025 жылдың 18 ақпанына дейін қазақ тілі курсымен қамтылған топ саны – 40, ал қатысушылар саны – 603 адамды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілді үйренуге деген ұмтылыстың жоғары екенін дәлелдейді.

Қазақ тілін білу – Қазақстанда өмір сүретін әрбір азамат үшін үлкен мүмкіндік. Тіл – ел бірлігінің негізі. Біз ауданымызда түрлі этностардың қазақ тілін меңгеруіне барынша қолдау көрсетіп, олардың қазақша еркін сөйлеуіне жағдай жасау үшін барынша жұмыс атқарамыз. Халықаралық ана тілі күні қарсаңында барлық азаматтарды өз ана тілін қадірлеуге, сонымен бірге мемлекеттік тілді меңгеруге шақырамын.

Тіліміз тұғырлы, рухымыз асқақ болсын!

Б.ЫБЫШЕВА, «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.