«Анау тұрған менің анам»: Елордалық жас сарбаздар Ақкөлдегі балалар үйінде жаңажылдық мереке өткізді

0

«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Қарулы Күштерінің ұлттық әскери патриоттық орталығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйытқы болуымен Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы №1 Балалар үйінде жаңажылдық мереке өткізді. Бұл туралы Елорда Инфо тілшісі хабарлайды.

Карантиндік тәртіп күшейіп тұрғандықтан мерекелік іс-шара да тиісті талаптар аясында өтті. Елордадан аттанған топ терезе алдында бүлдіршіндерге қойылымдар қойып, балалардың көңіл көтеруі үшін барын салды. Өз кезегінде балалар да алғысын білдіріп, жиылған жұртқа бас бармағын көрсетіп жатты.

«Балалар атынан осындай мерекелік көңіл-күй сыйлаған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігіне алғысымыз шексіз. Карантиндік талаптарды сақтап, Арқаның қысына қарамай, есік алдында көңілді шара өткізу алғаш рет болып отыр. Балаларымыз бір марқайып қалды. Бөлмелерге кірсем, кейіпкерлерді, есік алдында жүрген әрбіріңізді «мынау менің әкем», «анау тұрған менің анам» деп өзара бөліп алып тұр. Олардың әрқайсысы бақытқа лайық жандар. Бүгін сіздер қуаныш сыйлай білдіңіздер», — деп Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы №1 Балалар үйі директорының міндетін атқарушы Ботагөз Қазыбекова лебізін білдірді.

№1 Балалар үйінде 90 бала тәрбиеленіп жатыр. Жақын күндері тағы 9 бала келеді деп жоспарланып отыр.

«Жаңа жыл — таңғажайып мереке, бұл уақытта балалар ғажайыптың боларын күтіп, ертегіге сенеді. Біздің қолымыздан келері — балалар үйінде тәрбиеленетін бүлдіршіндерге махаббатымыздың бір бөлшегін сыйлап, жылдың ең соңғы мейрамын одан әрі шаттыққа толы ету», — дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Мөлдір Бөлебаева.

«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев балалардың қуанышынан ерекше әсер алғанын айрықша атап өтті.

«Бүлдіршіндерге шынайы қуаныш сыйлау басты мақсатымыз еді. Терезенің ар жағынан олардың эмоциясын көріп, толқып тұрдық. Олар — елдің болашағы. Әрқайсысы Қазақстанның болашағы үшін қызмет ететін жандар», — деп Мейірбек Меңдіғалиев ойын жеткізді.

Шара соңында ұйымдастырушылар тарапы арнайы әкелген сыйлықтарын табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.