Гвардейск полигонында минаатқыш есептоптар арасында Халықаралық әскери ойындар шеңберінде өтетін сайысқа қатысушы командалар қазақстандықтар тарапы дайындаған әскери техниканы қабылдады.
Сайысқа жарамды техника, толық тексеруден өткен МТЛБ (жеңіл брондалған көп мақсатты тартқыштар) конкурсқа қатысушылар арасында жеребе тастау арқылы бөлінді.
Нәтижесінде Армения мен Қазақстан Қарулы күштерінің командалары көк түсті тартқыш техникада өнер көрсетеді. Әзербайжан, Беларусь және Тәжікстан құрамаларына бөлінгені жасыл түсті. Қызыл түсті техника Венесуэла мен Қырғызстан командаларына берілді. Ресей мен Зимбабвенің зеңбірекшілері тапсырмаларды сары техникада орындайды.
Бөлінген техниканың жай-күйіне қатысушы елдер өкілдерінің шағымдары жоқ.
– Техниканың бәрінің күйі жақсы, – деп атап өтті Армения Қарулы күштері командасының механик-жүргізушісі, келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер Варужан Акулян. – Ендігі жерде біздің команданың міндеті оны қаншалықты жақсы меңгергенімізді көрсету.
Қырғызстан Қарулы күштері командасының механик-жүргізушісі кіші сержант Арыстанбек Әбдіхалықов та көп мақсатты тартқыштың үздіксіз жұмыс істеуіне үміт артады.
Бұған Зимбабве командасының механик-жүргізушісі сержант Годфри Дзаванда да қосылды:
– Қазақстанға келгенімізге қуаныштымыз, жергілікті жағдайға бейімделдік. Техника ақаусыз жұмыс істейді деп үміттенеміз және лайықты жарыс деңгейін көрсетеміз деп ойлаймын.
Қатысушылар жауынгерлік машиналармен бірге полигонның арнайы бөлінген аумағында жаттығу барысында сынақтан өтіп жатқан 120-миллиметрлік минаатқыштарын да қабылдады.
«Артиллериядан оқ ату шеберлері» сайысына тоғыз елдің, оның ішінде Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның командалары қатысып жатқанын айта кеткен жөн.
Биыл қазақстандықтар жеті сайысқа қатысады. Олардың үшеуі ел аумағында, төртеуі шетелде өтеді. «Теңіз кубогы» Әзербайжан жерінде ұйымдастырылып отыр, «Бейбітшілік жауынгері» Арменияда, «Танк биатлоны» және «Эльбрус шеңбері» жарыстары Ресейде өтеді. Қазақстанға «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Меридиан» және «Тактикалық мерген» жарыстарына қатысу үшін әр елден әскери қызметшілер келіп жатыр. Соңғы аталған екі байқау да еліміздің аумағында бірінші рет өткізіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Ал «Артиллериядан оқ ату шеберлері» сайысы Жамбыл облысы Гвардейск әскери қалашығында осымен алтыншы мәрте өтпекші. Бұл сайыста қазақстандық артиллеристер әрдайым бірінші орын алып жүр. Биылғы жылы да бірінші орын аламыз деген ниет басым.
– Қазақстан Қарулы күштерінің басшылығына сайысты осындай қолайлы жағдай жасап, ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Біз бұл жерге алғаш рет келіп тұрған жоқпыз. Жарысқа мұқият дайындалдық. Әскери қызметшілердің көңіл-күйі жақсы, сәтті жарыс болар деген үміттенемін, – деп атап өтті Қырғыз Республикасы Қарулы күштері командасының басшысы полковник Жоодар Айталиев.
Ақмола облысының Щучинск қаласында топографтар арасында өтетін «Меридиан» әскери-спорттық жарысына Армения, Беларусь, Вьетнам, Қазақстан, Қытай, Ресей және Өзбекстанның әскери қызметшілері қатысады.
– Біз «Меридиан» байқауына қатысу үшін Армениядан келдік. Мұнда құшақ жая қарсы алды. «Бурабай» ұлттық табиғи паркінде, әйгілі Абылайхан алаңында болып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағының басқа да көрікті жерлерін көрдік. Керемет әсер алдық. Жұмыс істейтін жаңа жағдайға бейімделіп, зерделейтін уақыттың болғаны қандай жақсы, – деп Армения командасының өкілі подполковник Карен Мачкалян алған әсерін айтты.
Қазіргі уақытта шетелде өтетін конкурстарға қатысатын қазақстандық әскери қызметшілер жарыс өтетін жерлерге келді. Олар Әзербайжанда («Теңіз кубогы») және Кабардино-Балқар Республикасының Терскол жерінде («Эльбрус шеңбері») жаттығулар мен жабдықтарды дайындауға кірісті.
Бұдан өзге, «Алабино» полигонында танкистер жарысына жеребе тастау рәсімі өтті. Қазақстандықтар бірінші дивизионның екінші жарысында жасыл түсті танкте сайысатын болады. «Танк биатлонына» барлығы 21 команда қатысатынын естеріңізге сала кетейік.
Халықаралық армия ойындарына 37 елден 275 команда қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл әскери ойындарға алғаш рет Нигер мен Руанда командалары қатысады.