Тәуелсіз Қазақ елі үшін дін қай кезде де рухани тірегі болып табылады. Өткен тарихымызда небір зұлмат, қысылтаяң, қылышынан қан тамған атеизм заманын бастан кешсе де, ата-бабаларымыз бір Жаратушының барлығын ұмытпаған. Ал тәуелсіздігіміз қолымызға тиген уақытта наным-сенімдерімізге еркіндік беріліп, ардақты жұртымыздың қасиетті дінге деген бетбұрысы тіптен қарқынды өсті. Жасыратынымыз жоқ, осы үрдістің жемісі ретінде асыл дінімізге ең көп қызығушылық танытқан буын жастар болды.
Жастар – кез-келген мемлекеттің ең басты әлеуметтік, стратегиялық ресурстарының бірі. Демек, қоғамның ілгері әрі жаңару болашағы жастарға байланысты. Осы себепті, қазіргі жаһандану заманында әлем мемлекеттері өздерінің ұлттық шекараларын сақтау мақсатында өз азаматтарының, дәлірек айтқанда жастарының тәлім-тәрбиесіне қатты көңіл бөліп отыр. Бұл мақсат жолында кез-келген діннің қоғамда атқаратын рөлі мен еңбегі өте маңызды.
Дана халқымыздың: «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» дегені тегін емес. Көзі ашық, көкірегі ояу жастарды тәрбиелеудің негізгі мәні – сапалы білім мен саналы тәрбие беруінде жатыр.
Қасиетті Құран Кәрімнің ең бірінші түскен сүресі, алғашқы бұйрық «Оқы» деген. Осы қасиетті аятта Алла Тағала адам баласына барлық пайдалы білім түрлерін меңгеруді айтуда. Себебі, адам білім арқылы әлемді танып, әлемді тану арқылы Жаратушысын таниды. Ал, Жаратушысын дұрыс таныған пенде қоғамның ілгері, берекелі болуына еңбек етеді. Демек, дұрыс білім алу және сол алған білімін ел игілігі жолында амалға асыру ислам дінінің негізгі құндылықтарының бірі.
Білім алу мен қоғамды ізгелендіру жолында жастық шақтың маңызы өте үлкен. Себебі халқымыздың даналық сөзінде: «Жастық шақта алған білім тасқа қашап жазғандай, кәрілікте алған білім суға әшейін салғандай» — десе, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: қарттық келместен бұрын жастық шақтың, ауру келместен бұрын денсаулықтың, кедейлік келместен бұрын байлықтың, шұғылданбастан бұрын бос уақыттың және ажал келместен бұрын өмірдің қадірін біл» – деген.
Бұдан түйетін түйініміз, әр елдің жарқын болашағы иманды жастарға тікелей байланысты. Жастары рухты, білімді, рухани дамыған елдің болашағы да шуақты болмақ. Осы ойымызды ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мына бір өлең шумағы қуаттай түсетіндей:
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін – деп өскелең жас ұрпаққа үлкен үкілі үміт артқан. Сондықтан «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» сақтап қалған бабалардың үлкен аманаты бар екенін сезіндіру баршамызға жауапты міндет.
Осы жауапкершілігі мол міндетті абыроймен атқарып шығу үшін ең алдымен жастық шақта білім алу өте маңызды. Себебі білім алу әрбір мұсылманға міндет. Қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресі, 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар» – десе, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз» – деген.
Жастық шақта адамның ақпараттарды қабылдауы, жаттау қабілеті, есте сақтауы өзге өмірлік кезеңге қарағанда әлде-қайда қуатты әрі тиімді болады. Сол себепті жастық шақтағы уақытта тиімсіз өткізбей, білім алу, өнер үйрену, ізгі һәм пайдалы істерге арнау қажет. Бұл ойымызды Хәкім Абай атамыздың мына бір өлең жолдары растайтындай:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деген.
Жастық шақта орындау қажет маңызды істердің бірі – қоғамға пайдалы тұлға болу. Жастық шақ – қайтып айналып келмейтін көктем мезгілі секілді. Осы бір құнарлы кезеңде жас топыраққа егін салып үлгермесеңіз, күзде мол өнім алуыңыз екіталай. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды. (Ол): Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі?» – деген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастық шақты өмірден бөліп алып айтуындағы сыр – жастық шақтың адамға берілген ерекше нығмет екенін, әрі ол турасында адам баласынан қиямет күні бөлек есеп алынатынын көрсетеді.
Екінші туындайтын өзекті мәселенің бірі – аға буынның жастарға ұдайы әрі тұрақты түрде қолдап, жәрдем беруі. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» – деген ұлағатты ойын қалдырған. Қоғам үлкен бір отбасылық жүйе. Әр буын өкілі өзара байланысып, қолынан келетін барлық мүмкіндікті пайдаланып, жәрдем беріп отыруы қажет.
Осындай игі мақсат жолында ҚМДБ жанынан «Зейін» оқырмандар клубы төрт жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап келеді. Клуб шеңберінде әртүрлі жастағы буын өкілдері кітап оқып, тұрақты түрде пікір алмасып отырады. Негізгі мақсат – жастарға дұрыс рухани тәрбиемен қатар пайдалы білімді сіңдіру.
Зейін – оқырманның жүрегіне жылу, ақылына нұр ұялататын кемел мекен ұранымен осы уақытқа дейін мыңдаған қоғамға пайдалы шәкірттерді қалыптастырды.
Ойымызды Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисімен аяқтауды жөн көрдім: «Расында Алла арзан ойын-күлкіге салынбаған жасқа міндетті түрде риза болады», – деген.
Махамбет САТТАРҰЛЫ, ҚМДБ Халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің маманы