АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР АУҚЫМДЫ

0

Ауданымызда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстарды айқын әрі ашық түрде қалың көпшіліктің назарына ұсыну игі дәстүрге айналған. Осының бірден бір айғағы ретінде аудан әкімі Рүстем Дәулет күні кеше облыс орталығындағы «Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында брифинг өткізіп, биыл Қордай ауданында атқарылған жұмыстар жөнінде ауқымды есеп берді.

Рүстем Рысбайұлы брифинг барысында үстіміздегі жылдың он айының қорытындысы бойынша аудан экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Жалпы, өңірлік өнім 118,9 млрд теңге болып, экономикалық өсім 121,9%-ды құрады. Аудан әкімінің бұлай деуіне толық негіз бар. Ағымдағы жылы Қордай ауданына бұрын-сонды болмаған 35,1 млрд теңге бөлініп, жалпы 392 жоба бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш жобалардың 380-і немесе 97% нысанда жұмыстар толығымен аяқталды. Барлық жобалар бойынша 4630 жұмыс орны құрылғанын айта кеткен жөн.

Атап айтсақ, бүгінгі таңда 7,4 шақырым жол жаңадан салынса, 343,6 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 90,0 процентке, ал елді мекен ішіндегі көшелер үлесі 75 процентке жетті. Жол дегенде қауіпсіздік мәселесі де қатар жүретіні белгілі. Осы орайда ауданда 15 млн теңгеге 373 жол белгісі және 57 млн теңгеге 6 елді мекенде 24 бейнебақылау камералары орнатылды. Нәтижесінде жол-көлік оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеп, одан зардап шегушілердің саны да азайды. Биыл ел арасындағы ең маңызды проблемалардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін таппақ. Мәселен, аудан бойынша 1524 азамат үй кезегінде тұр. Ағымдағы жылы 5 қабатты 5 үйді және Қаракемер ауылындағы қоспәтерлі 10 үйді қолданысқа берудің арқасында 310 пәтер ел игілігіне беріледі. Сонымен бірге баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында асарлатып салынып жатқан он бес үйдің тоғызы тапсырылса,  алтауы желтоқсан айының соңында тапсырылады.

Аудандағы күрмеуі қиын әрі өзекті саналатын газдандыру мәселесі де бақылауда. Биыл 22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 248 шақырымды құрайтын ауқымды жобаға 11 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта колхоз аймағындағы 10 елді мекенде жұмыстар аяқталып, тұрғындарға газ берілуде. Ал, Отар аймағындағы 12 елді мекенді газдандыру жұмыстары 20-шы желтоқсанда аяқталатын болады. Нәтижесінде 41 елді мекеннің 34-і, яғни 146600 тұрғын көгілдір отынға қол жеткізіп, газбен қамту үлесі 95%-ке жетеді.

— Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2,7 млрд теңгеге 6 елді мекенде ауыз су құбырларының құрылысы аяқталып, орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 78 процентке жететін болады. Білім саласына тоқталсақ, биыл 3 мектеп құрылысы, 4 мектептің және 3 денсаулық сақтау мекемесінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Аудан бойынша 4 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, 7 спорт, 8 ойын алаңшасы іске қосылмақ. Халықтың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында 688 млн теңгеге 25 шақырым тротуар салынып, 24 көшеге жарық шамдары орнатылды. Әрине, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен мүмкіндік жасаған Президентке, Үкімет басшысына және облыс әкімі Бердібек Машбекұлына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Ауданның атқарушы органдары тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деген Рүстем Дәулет денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы сынды салалардағы атқарылған жұмыстарды да тізіп шықты. Іс-шарада аудан әкіміне бірқатар сұрақтар қойылып, Рүстем Дәулет әрқайсысына мардымды жауап берді.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.