Қазақта «қойдай қоңыр едік» деген сөз бар. Бәлкім, бұл қойдың адамзатқа пайдасынан басқа залалы жоқ, киелі мал деген ұғымынан келіп туған болар. Бұл шаруашылық ешқашан сұраныстан шықпайтын, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беріп тұратын кәсіп.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алма ғайып кезеңде қой шаруашылығының кенжелеп қалғаны жасырын емес. Бірақ соңғы уақытта қайта жанданған кәсіп тұрғындардың тұрмысының жақсаруына дем бере бастады.
Қордай ауданы мыңғыртып мал өсіруге өте қолайлы. Жері жайсаң, суы мол. Содан болар, мұнда мал бағудың барлық тәсілі сақталған. Жаз жайлау, қыс қыстауда қоралап қой баққан шаруаның бірі Керу елді мекеніндегі – «Бесқайнар» шаруа қожалығы.
Мал бағу – маңдай тер мен төзімділікті талап ететін, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін кәсіп. Арнайы оқуды талап етпейтін бұл істі бала күнінен бойына сіңіріп, өмірінің мәніне айналдырған жандардың бірі қожалық жетекшісі – Сәрсен Шүйіншалиев.
Жастайынан мал өсіруге қызығатын Сәрсен Бекболатұлы бүгінде шаруа иелігінде 40 бас сиыр және 600 бас асылтұқымды «Еділбай» қойын бағуда.
«Шаруа қожалыққа тиесілі егістік жерлеріміз де бар. Орақ кезінде ол жерлерді орып, малдың қыстық азығын дайындаймыз. Биыл қолдағы малды аман-есен төлдетіп, санын арттырдық. Мал өсіру оңай шаруа емес. Бұл маңдай терді талап ететін кәсіп. Ала жаздай малдың жайымен жайлауда жүрсең, ал қыста қорадағы қарбалас тірліктің барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді», — дейді Сәрсен Бекболатұлы.
Қой шаруашылығының қайта жаңғыруы ауыл тұрғындарының табысын тұрақтандыруға, жұмыс орындарын сақтау және жаңа мүмкіндік ашуға көмектесуде. Бұл – ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтудың нақты көрінісі.
Табиғи байлық пен іскерлік ниетті жоғары ұстай отырып, мал шаруашылығы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған тұрақты даму жолына түсті.
Шопан ата тұқымын көбейту жолында жанқиярлық еңбектің үлгісін танытып жүргендердің жұмысына береке тілейміз!
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ