Өткен аптада «Аманат» партия аудандық филиалы мәжіліс залында Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай ардагерлермен кездесу жиыны өткізілді.
Жиынға партия аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, бастауыш партия ұйымдары мен бірқатар ардагерлер қатысты. Жаужүрек жандарға құрмет көрсету кеңдік болмаса, кемдік етпейтіні анық. Әсіресе кешеден бүгінге жеткен ардагерлерді құрметтеу – өскелең ұрпақ үшін парыз екені рас. Жиналғандармен жылы жүзді аман-саулықтан соң, Бейқұт Тлебалдыұлы ауған соғысының тарихына тоқталып, Қазақстан жерінен интернационалдық әскери борышын өтеуге аттанған жауынгерлердің ерлігі мен батырлығын тілге тиек етті. Ауған соғысы ардагерлерінің майдан даласындағы жауынгерлік жолы мен туған елге оралғаннан кейінгі бейбіт өмірдегі еңбек үрдісі өскелең ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге болатынын айтты. Кездесу соңында ауған соғысының ардагерлері Дәулет Қырғызбаев, Ақылбек Мәмбетов, Мұхтар Мінісқұлов, Құрманғазы Шалқарбаев, Алдонгор Қайыпов, Александр Хижняк, Берік Камзаев, Бекбол Болуановқа Отан алдындағы борышын адал атқарып, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі адал қызметі үшін партия төрағасы атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Жиналғандар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.