Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерін біржола тастап шыққанына 36 жыл толуда. Өскелең ұрпақтың өмірі бейбіт те тыныш, жарқын болуын тілейтін ағаларымыздың ерлігі қашан да үлгі. Осы орайда, жастық шақтың жалынды кезеңін жат жұртта өткізген батырларымыз туралы айта кетейік.
Ауған соғысының ардагері Ербол Сәли-Ахмет 1961 жылы Ноғайбай ауылында дүниеге келген. 1976 жылы сегіз сыныптық ауылдық орта мектепті аяқтайды. 1976-1981 жылдары «Красногор» совхоз техникумының «мал дәрігері» мамандығын игеріп шығады. Сол жылы әскер қатарына шақырту алады. Түркімен жерінің Ашхабад қаласында алты айға жуық оқу пунктінде болып, әрмен қарай Ауғанстанның «Құндыз» провинциясына жөнелтіліп әскери борышын жалғастырады. Айта кетерлігі, әскери міндетін атқарып жүрген 1982 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
«Ол кезде денсаулығы жақсы, күшті жігіттерді іріктеп алатын. Әскерге кеткен жастарға ел, ағайын-туыс сеніммен, құрметпен қарайтын еді. Дені сау жігіттердің бірінші борышы – Отан алдындағы борышын өтеу еді. Біз алты ай бойы әскери оқуға дайындалып, кейін майдан шебіне аттандық. Интернационалдық борышымызды өтеп келдік. Соғыс деген сөздің өзі ауыр ғой. Жат жерде соғыстың өртін көрудің өзі адамды батыр қылып шығарады», – дейді ардагер.
1983 жылы әскерден аман-сау оралған Ербол Әлімұлы Ноғайбай ауылдық мектебіне орналасып, «алғашқы әскери даярлық» пәнінен ұстаздық ете бастайды. 1985 жылы қызметі ауысып, он жылға жуық мал дәрігері болып еңбек етеді. Кейінірек, 1996 жылы «Қордай» кеден бекетінің ветеринариялық қадағалау инспекциясына қызметке қабылданады. Бұл салада отыз жылға жуық қызмет атқарып, 2024 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады.
Ауған асуында от кешкендердің бірі, Доғдырбек Нұрғалиев 1968 жылы Соғанды ауылында дүниеге келген. Сегіз сыныптық ауыл мектебін аяқтаған кейіпкеріміз 1983-1986 жылдары Бетқайнар ауылдық училищеде «тракторшы-машинист» мамандығын игеріп шыққан. 1986 жылы Кеңес үкіметі тұсында Отан алдындағы борышын өтеуге шақырту алған Доғдырбек Нәділтайұлы Отар станциясына қабылданып, алты ай оқу пунктінде болады. Кейіннен, Ауғанстанның «Нангархар» провинциясының Джелалабад қаласына жөнелтіліп, мерзімді борышын сол жақта жалғастырады. Әскери қызметін өтеу барысында, «Ерлігі үшін» медалін иеленген.
«Ол жаққа барған қазақстандық жауынгерлердің қай-қайсысы да көзге түсерліктей денелі, рухы биік, жігерлі жастар болатын. Отан алдындағы борышымызды өтеуге бардық. Бөтен елде болса да, бейбіт өмір орнату үшін дұшмандармен барынша күрес жүргіздік. Біз көргенді ешкімнің басына бермесін. 1988 жылы елге оралып, туған жерім Соғанды ауылында екі жылға жуық трактор жүргізушісі болдым. 1990-1994 жылдары Қырғыз мемлекеттік дене-шынықтыру институтына түсіп, «алғашқы әскери даярлық және дене-шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығын игеріп шықтым. 1994 жылдан бүгінгі күнге дейін №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп гимназиясында дене-шынықтыру пәні мұғалімі болып еңбектенудемін», – дейді Доғдырбек Нұрғалиев.
Иә, сонау сұрапыл шайқасқа қатысқан қаһарман ардагерлеріміздің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып, мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Себебі, ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ