Ауданымызда соңғы жылдары көп қабатты үйлер, мектеп, аурухана, спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүруде. Әлеуметтік нысандар халық игілігіне беріліп, ауыл тынысын кеңейтуде деп айтуға толық негіз бар.
Осындай нысанның бірі деп Ауқатты ауылдық округінде салынып жатқан спорттық кешенді айтуға болады. Сегіз мыңнан аса халқы бар округте жастардың уақыт өткізіп, спортпен шұғылдатын орындары жоқтың қасы болатын. Ауыл жастары осыған дейін мектептерді төңіректеп, стадиондарда спортпен шұғылданып келді. Аудан басшылығының халықпен кездесу барысында да осы мәселе жиі көтерілгені де жасырын емес. Ауылдықтардың талап-тілегін ескерген билік өкілдері биылдан бастап Ауқатты ауылында Дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу үшін қаражат бөліп, мердігер-құрылысшылар жұмысқа кірісіп кеткен. 2022 жылы құрылысқа мемлекеттік бюджеттен 321 млн.991 мың теңге бөлінді. Мердігер «Тараз-ісмер» ЖШС қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Аудан әкімдігінің Сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше қазіргі таңда ғимараттың астында қажетті шұңқыр (котлован) қазылған, іргетасы 90 пайызға аяқталған, темір конструкциялары 50 пайызға біткен. Енді мердігер қабырғасын көтеру, еденін салу, терезелерін орнату, сумен және жылумен қамту сынды жұмыстарын бастамақ. Құрылысқа 12 адам, 2 дана техника жұмылдырылған. Ауыл әкімінің орынбасары Айдын Асылбектің айтуынша құрылысқа жергілікті тұрғындардан тартылған жұмысшылар бар, сол арқылы округтегі жұмыссыздық мәселесі оң шешімін тапқан. «Округімізде 3440 жас азаматымыз бар. Осы құрылыстың арқасында олардың бос уақытын өткізетін орны пайда болады. Болашақта осы жерде жас чемпиондарымызды тәрбиелеп шығамыз деген ойдамыз», — деді А.Асылбек.