АУҚАТТЫДА КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0

Сенбі, 5 маусым күні Ауқатты ауылдық мәдениет үйінде мәдениет қайраткері, ҚР суретшілер одағының мүшесі, ҚР білім саласының Құрметті қызметкері, Білім саласының үздігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сәндік-қолданбалы өнер кафедрасының меңгерушісі, қазақтан шыққан тұңғыш өнертану профессоры Раушан Базарбаеваның туындыларының көрмесі өтті.

 Ауқатты ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен «Жомарт түлек» акциясы аясында ұйымдастырылған көрмеге Раушан Еркенқызының қолынан шыққан тұс кілем, киіз сынды туындылары қойылды. Суретші жұмыстарын жасарда туған жерінің көркем табиғатынан шабыт алатынын жасырмайды. Бұл күні жануарлар, табиғат көріністері бейнеленген туындылар көрермендер назарына ұсынылып, автордың өзі абстрактілі суреттердің мағынасын түсіндіріп берді. Қызылсай ауылының тумасы, бүгінде белгілі суретші шет мемлекеттерді көптеп аралағанымен, туған жеріне деген сүйіспеншілігі еш уақытта басылмайтынын алға тартты.

«Округ әкімдігі жерлестеріммен кездесу ұйымдастырғанына қуаныштымын. Менің өнерім туған жерім «Трудовик» колхозы және Қызылсай ауылымен тығыз байланысты. Бүгінгі көрмеге менің негізгі жұмыстарым шығарылды. Мен «көркем тоқыма» мамандығы бойынша сабақ беремін. Жұмыстарымның көбісі киізден, жібек матадан, шиден жасалған, сонымен қатар «Біз кесте», «Кесте» атты сәндік жұмыстарым бар. Бүгін жерлестерімнің назарына «Кеш», «Патша диадемасы», «Желден жылдам» тұс кілемі ұсынылды. Жұмыстарымда әртүрлі түстер, әртүрлі бөлшектер, тау, бұғы, жылқы сынды элементтер бар. А.Қастеев мұражайы мен Алматы қаласының Орталық мұражайына «Ымырт», «Ұшу», «Уақыт өзені» атты жұмыстарым қойылған», — дейді Раушан Базарбаева.

Айта кетерлігі, Раушан Еркенқызының көркем жұмыстары Жапония, Бельгия, Ұлы Британия, Германия сынды мемлекеттерге кеңінен танылған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жомарт түлек» акциясы аясында көркем өнер көрмесін ұйымдастыру үшін округтің тумасы Раушан Базарбаеваны ауылға арнайы шақырдық. Раушан Еркенқызы белгілі суретші, өз саласында тұңғыш әйел-профессор. Ол біздің елде де, шет елдерде де танымал. Сондықтан, біз үшін бұл үлкен мақтаныш және біздің өңірден талай дарынды адамдардың шыққанын көрсетуге тамаша мүмкіндік», — дейді Ауқатты ауылдық округінің әкімі Бірлік Манкеев.

Көрмеге келген ауыл тұрғындары ұсынылған туындыларды ауылдық мәдениет үйінде үлкен экран арқылы тамашалады. Көрме мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Сергазы Манасбаев

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.