Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жоғары өмір сапасын қамтамасыз ету.
Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың бастамасымен ауданымызда инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде Қордай ауданына қарасты Алға ауылдық округінде бірнеше инфрақұрылым жүйесі қатарынан тартылуда. Біз газет тілшілері аталмыш округтегі инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстарының жай-күйін білу мақсатында нысандарды аралауға шықтық.
Аталған округте 1000-нан аса халық қоныстанған.
Ауылішілік су құбырының құрылысы таяуда басталып, тұрғындарды тазартылған ауыз сумен қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Мердігер мекеме «Темир-Строй Сервис и КО» ЖШС-і.
«Қазіргі таңда барлығы 23,8 шақырым болатын құбыр желісі қазылуда. Мұнымен бірге ауылішілік су жүйесін жүргізу жұмыстарыда басталып кеткен. Елді мекен ішіне ауыз су құбыры тартылып, тұрғын үйлерге кіргізіліп, су есептегіш құрылғылары орнатылатын болады. Жұмыс қарқыны күшею үшін қосымша бір бірлік техника алдырудамыз», — дейді мердігерлік мекеме өкілі Ақтөре Жарылқасын.