АУДАН ӘКІМІ МӘДЕН МҰСАЕВТЫҢ ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті жерлестер! Қадірменді қауым!
Әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Тәуелсіздік – ел мен жердің, халықтың баға жетпес байлығы. Осыдан 30 жыл бұрын 16 желтоқсан күні еліміз дүние жүзіне егемендігін жариялап, мәңгілік ел болудың алғашқы қадамын жасады.
Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті. Сондықтан да бұл күн әрбір қазақстандықтар үшін ұлы күн!
Барша қордайлықтарды осы киесі шексіз, қастері өлшеусіз қасиетті Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – ұлт болашағы жолында өз өмірін тәуекел еткен ұлттың ғана бағына бұйырады.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласында «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабамыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс» деген болатын. Міне, сондықтан да, Тәуелсіздіктің қасиеті зор, киесі шексіз, мәртебесі биік, құны терең, бағасы қымбат. Өйткені біз тарихы терең, шежіресі шалқар халықтың ұрпағымыз.
Әрине, әрбір ұлттың ең ұлы, ең қастерлі, ең мәртебелі мерекесі болады. Біздің көпұлтты халқымыз үшін ол – Ұлт Тәуелсіздігі күні!
Осы атаулы мерекемен қатар келетін Желтоқсан оқиғасына биыл 35 жыл. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы да қазақ тарихындағы өзіндік орны бар кезең.
«Өткенін білмей, болашақ болмас» дейді дана халқымыз. Олай болса тәуелсіздіктің басымыз бен бағымызға бірден қона қоймағандығын, оған жету үшін халқымыз талай қиындықтардан өткенін ұмытпауымыз керек.
Еліміз өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел дамуында жаңа тарихи кезең басталды. Ата Заңымыз халқымыздың бас құжатына айналды. Төл Рәміздеріміз төрге шығып, ұлттық теңгеміз қолданысқа енді. Мемлекеттік шекарамыз белгіленіп, мемлекетіміздің мызғымас қорғаны – Қазақстан Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілеті нығайды.
Еліміздің ішкі дамуына өңірлердің қосқан үлесі орасан. Оның ішінде ауданымыздың да экономикасы мен дамуында ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік. 30 жыл ішінде Қордай ауданында әлеуметтік-экономикалық сала бойынша көптеген өзекті мәселелер шешімін тауып, ауқымды істер еңсерілгеніне халық куә.
Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағыттары қарқынды дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастама, игі істер бар. Білім ошақтары жаңарып, денсаулық саласы жанданып, мәдениет пен өнеріміз өрлеп, спорт саңлақтармыз әлемдік аренада жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Ағымдағы жылдың өзінде Масаншы және Күнбатыс-2 ауылдарында 750 орындық мектептің құрылысы аяқталып, нәтижесінде аудандағы апатты мектептер мәселесі толықтай шешімін тапты. Отар ауылында заманауи жаңа мәдениет үйі қолданысқа берілді. Қалғұты және Арал ауылдарындағы 180 орындық жаңа мектептердің, Жамбыл ауылында 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарасу, Қарасай, Сарыбұлақ ауылдарында спорттық-сауықтыру кешендері салынуда.
Ал, облыс басшысының қолдауымен жобалық құны 3,9 млрд. теңге болған 60 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйдің бой көтеруі аудан жұршылығы үшін үлкен тарту болды. 340 пәтерлі 6 тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға және 180 пәтерлі 3 үй Гвардейск қалашығындағы биологиялық қауіпсіздік институтының қызметкерлеріне тапсырылып, 520 отбасы қуанышқа бөленді. Одан бөлек, Сортөбе ауылында бюджет саласының қызметкерлері және көпбалалы отбасылар үшін екі пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға берілсе, Қордай ауылында екі пәтерлі 10 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Ағымдағы жылы 15 отбасы «Асар» жобасы арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Жыл жаңалығы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Гвардейск кентіндегі отандық екпе өнімі шығарылатын биофарм зауытының қолданысқа берілуі. Зауыт өндірістік тәжірибе бойынша халықаралық стандарттарға (GMP) сай келетін жұқпалы ауруларға қарсы жылына 30 — 60 миллион доза вакцина шығаратын болады.
Мәңгілік ел болуды мақсат етіп, дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтылған еліміздің жеткен әрбір жетістігі мен табысы барша қазақстандықтардың ортақ еңбегі мен өзара татулығының арқасында.
«Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, бүгінде мемлекеттің саясатын қолдаған түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, ынтымақта өмір кешуде. Бүгінде түрлі этностар біте қайнасып, бірлікте өмір сүріп жатқанын өз ауданымыздан да көруімізге болады.
Құрметті аудан тұрғындары!
Тәуелсіздіктің 30 жылында ауданымыздың барлық саласында қол жеткізген толағай табыстар мен жетістіктер, игілікті істер алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.
Шуағын шашқан шырайлы мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын. Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болғай! Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасының амандығын тілеймін!
Мереке құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.