АУДАН ӘКІМІ М.МҰСАЕВТЫҢ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫН 1 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті жерлестер!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке еліміздегі барлық этнос өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірінің көрінісі, бірлігі мен ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдерінің мерейлі мерекесі. Ұлтаралық татулық пен ауызбіршіліктің арқасында еліміз жаңғырудың жаңа белесіне шығып, тәуелсіздігін нығайтты. Сол себепті бейбітшілік пен тұрақтылық, ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ең басты байлығы болып қала бермек.
Осындай көпұлтты мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдардағы қол жеткізген жетістіктері аз емес.
Тәуелсіз еліміздің одан әрі өсіп-өркендеу, саяси өрлеу жолындағы қарышты қадамын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауынан, онда көзделген ауқымды саяси реформалар мен елдің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық шаралардан аңғаруға болады. Президентіміз өз бастамаларында қарапайым халыққа деген зор қамқорлықты міндеттеп, бұл іс ел азаматтары арасында үлкен қолдауға ие болып отыр.
Ұлтаралық татулығымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып, сол бірліктің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы көп елге үлгі болып келеді. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауданымызда 30-дан астам түрлі этнос өкілдері бір кісідей жұмылып еңбек етуде. Қоғамдағы келісімді ұйыстыру, этномәдени бірлестіктермен байланыс-ты жандандыру бағытында өңірімізде үйлесімді жұмыстар жасалуда. Бүгінде ауданда әртүрлі этностардың салт-дәстүрлерін сақтай отырып, этносаралық қатынасты нығайту мақсатында жұмыс атқарады.
Осылайша, ұлтаралық татулықты ту еткен ауданымыз бүгінде барлық сала бойынша облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінуде. Бұл біздің халқымыздың достығын, елдігін, ынтымағын білдіреді. Алдағы уақытта да ауданымыздың әрбір тұрғынының еселі еңбегі экономиканы жаңғыртуды жүзеге асырудың негізі болары сөзсіз.
Қадірменді жерлестер!
Бейбіт өмірде берекелі ғұмыр кешкен көпұлтты халқымыздың бірлігі жарасып, татулығы мен ынтымағы арта берсін!
Бүгінгі бірлік мерекесімен баршаңызды құттықтай отырып, сіздерге бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі арта берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.