Аудан дамуына айырықша үлес

0

Биыл Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің құрылғанына және ұлттық валютаның енгізілгеніне 27 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында еліміздің жаңа қаржы жүйесінің құрылуы мен дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың саны айтарлықтай ұлғайды.

 

Жалпы, есеп және қаржы саласы үлкен жауапкершілікті, тәртіп пен зейінді талап етеді. Кейінгі ұрпақ біліп жүруі үшін бұл салаға өз өмірлерін арнап, адалдық пен адамгершіліктің үлгісіне айналған азаматтарды төл мереке қарсаңында еске алып өтсек ағаттық болмас.

Ендеше, аудандық қаржы бөлімінің тарихы сонау 1930 жылы бастау алатынын біреу білсе, біреу білмес. Ол кезде Алматы облысына қарасты Георгиевка ауылында жұмысшылар, шаруалар және қызыл әскер атқару комитетінің қаржы бөлімі құрылған. Содан 1939 жылы Қордай ауданы Жамбыл облысының құрылымына кіріп, еңбекші депутаттардың аудандық кеңесінен атқару комитетінің қаржы бөлімі құрылады. Ал, 1977 жылдың қазан айынан бастап Қордай аудандық кеңесінің атқару комитетінің қаржы бөлімі болып саналады. Бөлім сол жылдан бастап 1991 жылға дейін үздіктер қатарында болып, коммунистік еңбек озаты ретінде облыстық партия комитетінің құрмет тақтасынан орын алып, бүкілодақтық социалистік жарыстың үш мәрте жеңімпазы болып, бірнеше рет ҚСРО қаржы министрілігі Орталық комитеті мен облыстық қаржы басқармасының ауыспалы Қызыл туына ие болған.

1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін бөлім Жамбыл облысы әкімдігінің Қордай аудандық қаржы бөлімі ретінде, ал 1999 жылы Қордай ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі болып қайта құрылды. Бұл бөлімде қаржы саласына 40 жыл өмірін арнап, ұзақ жылдар бойы бөлімді басқарған Сманалы Тұрғынбай, Диля Ахметова, Ирина Вильман, Жаңбырбек Балпұқов сынды саңлақтар жұмыс атқарып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болған. Бұл азаматтар бірқатар кәсіпқой мамандарды тәрбиелеп шығарып, олар өз кезегінде ел игіліне қызмет атқаруда. Бөлімде ұрпақтар сабақтастығы да бар. Қазір де мұнда алдыңғы буынның игі дәстүрі жалғасын тапқан. 20 жылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі қаржыгер Найманхан Абдрашевтің қол астында бөлім басшысының орынбасары Ерлан Рысқұлов, сектор меңгерушісі Гүлзира Нұркеева, бас маман Динакүл Мейрманова сынды өз істерінің шеберлері және болашағынан зор үміт күттіретін жас маман Азамат Қалтаев жұмыс атқаруда. Қысқасы, аудандық қаржы бөлімінің ұжымы ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосып келеді.

 

Серғазы Манасбаев

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.