Құрметті жерлестер!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын!
Адамдар қай кезде де күш-қуат, төзімділік, батылдық, қайсарлық сынды қасиеттерді жоғары бағалаған. Бірақ бұл қасиеттердің барлығы лайықты мақсатқа қызмет еткенде ғана мағыналы болады. Ал әрбір патриот үшін бұл мақсат айқын. Ол – елінің еркіндігі мен гүлденуі, отандастардың бақытты, бейбіт өмірі. Ал бүгін біз осы адами қасиеттерге адалдық танытқан, әскери борышын табандылықпен атқарып жүрген, қоғам мен мемлекеттік қауіпсіздігімізді күзетіп, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, егемендігіміз бен мәдениетімізді сақтау жолында аянбай тер төгіп, жас ұрпақты шынайы патриоттық рухта тәрбиелеп жүрген азаматтарға құрмет көрсетеміз.
Қазақстан тарихында ерен ерлік пен қаһармандықтың үлгісі болған істер аз емес, оның ішінде Ұлы Жеңіске жетуге зор үлес қосқан ата-бабаларымыздың ерлігі ерекше орын алады. Елін, жерін, отбасын қорғау үшін құрбан болған ерлердің жанқиярлығы ештеңемен өлшенбейді. Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып, тылда еңбек еткен батырлардың ерлігі тарихта мәңгі сақталады.
Бұл күні еліміздің барша тұрғындары Отан қорғаушылардың ерен ерлігін еске алады. Олардың ерлігі мен қаһармандығы Отанға деген сүйіспеншілігі мен оның мүддесін қорғауға дайын болуы ұлттық болмысымыздың негізі.
Құрметті жерлестер!
Тәуелсіз елімізде патриоттық тәрбиенің үлгісін көрсетіп отырған осынау қос мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, береке-бірлік, бейбітшілік пен мейірім тілеймін!