Жамбыл облысы Қордай ауданы аумағындағы «Белбастау» деп аталатын тарихи орында ерекше көне жәдігер – тас мүсін табылды. Бұл құнды олжаны алғаш болып жергілікті тұрғындар Сейтқали Уәли және Ербол Қали байқап, тиісті мамандарға хабар берген.
Көне дәуір тынысын сездіретін тас мүсіннің тарихи маңызын анықтау мақсатында Қордай ауданына Тараз қаласынан Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры, тарихшы, археолог Сауран Қалиев және арнайы мамандар келді.
Аталған тас мүсіннің нақты географиялық координаттары анықталып, оның жалпы сипаттамасы жасалды. Археолог Сауран Қалиевтің айтуынша, бұл мүсін Жамбыл облысы аумағында бұрын табылған көне тас бейнелерге ұқсас. Айталық, Меркі ауданындағы Сандықтас тау шатқалында және Шу ауданындағы Жайсан мекенінде де дәл осындай үлгідегі бірнеше тас мүсіндер кездеседі.
Тарихи деректерге сүйенсек, мұндай мүсіндер VI–IX ғасырлар аралығында өмір сүрген көшпелі түркі тайпаларына тән. Бұл кезең — Батыс Түрік қағанатының гүлденген, ықпалды шағы. Аталған дәуірде ерекше тұлғаларға, батырлар мен қолбасыларға арналып орнатылған осындай тас бейнелер бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұра ретінде зерттеліп келеді.
Олар – бабаларымыздың дүниетанымы мен рухани наным-сенімінің нақты көрінісі.
Тағы бір көңіл аударатын дүние, осындай тас мүсіннің жанындағы тасты ойып, қашап шұңқыр жасаған, ол мүсіннің күн шығыс жақ бетінде болуы мүмкін. Мамандардың пайымдауынша, бұл – сол замандағы халықтың мінәжат ету, құрмет көрсету салтына байланысты құрылған кішігірім культтік кешен.
Алдағы уақытта осы аймаққа халықаралық экспедиция сапары жоспарланып отыр. Зерттеудің негізгі бағыты — Түркі кезеңіндегі ескерткіштерді кеңінен тану мен зерделеу. Себебі бұл тас мүсін — ата-бабаларымыздан қалған құнды мұралардың бірі саналады.
Бүгінде осындай тас мүсіндер мен балбал тастар – еліміздің терең тарихи тамырын танып-білуге мүмкіндік беретін баға жетпес жәдігерлер. Әсіресе, жас ұрпақ үшін бұл – туған өлкенің бай тарихын зерделеуге, ата-бабаның рухына құрметпен қарауға бастайтын рухани көпір.
Шолпан САБАНОВА