АУРУХАНА КӨЛІКТЕРІНІҢ СЕНІМДІ САҚШЫСЫ

0

Ел Президенті жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қоғам дамуының негізгі тірегі саналатын қарапайым еңбек иелерінің еңбегін насихаттау – бүгінгі күннің басты міндетінің бірі. Осындай өз ісінің нағыз шебері – Қордай аудандық орталық ауруханасының гараж меңгерушісі Болат БАЙСАПАКОВ.

Степное ауылының тұрғыны Болат Әкімбердіұлы Ырғайты ауылындағы бұрынғы ауылшаруашылығы техникумын «механик» мамандығы бойынша тәмамдап, алғашқыда туған ауылында молоковоз жүргізушісі болып жұмыс істеген. «Темір тұлпардың тілін білмесең, жолың ұзаққа бармайды» дегенді өмірлік қағида еткен Болат аға техникаға бала күнінен қызығып өскенін айтады.

2017 жылдан бері Қордай аудандық орталық ауруханасының гараж меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Оның негізгі міндеті – ауруханаға тиесілі автокөліктердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, жүргізушілердің қауіпсіздігін бақылау. Бүгінде аудандық аурухана қарамағында он жеті көлік пен он жеті жүргізуші бар. Сонымен қатар 19 ауылдық округтегі дәрігерлік амбулаториялардың көліктері де Болат мырзаның қадағалауында.

«Дәрігерлердің уақтылы жетуі, жедел жәрдемнің дер кезінде көмек көрсетуі – тікелей біздің көліктердің жарамдылығына байланысты. Сондықтан әрбір көлік мен үшін адам тағдырындай қымбат. Бір ауысымның кешігуі – бір науқастың өміріне әсер етуі мүмкін ғой», — дейді Болат Әкімбердіұлы.

Жылдың төрт мезгілінде де күн демей, түн демей, техниканың тілін тауып жүрген еңбек майталманының жұмысы көпшілікке көзге көрінбегенімен, маңызы зор. Өйткені, аудан халқының денсаулығын сақтау жолында медициналық көліктердің әр шақырысқа дер кезінде жетуі – нағыз жанкешті еңбектің нәтижесі.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.