«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ІС ЖҮЗІНДЕ

0

Халқымыз үшін ауыл қашан да руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі болғаны анық. Ал, сол ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған мекенін қастерлеп, азды-көпті жетістігіне шынайы қуанатыны жасырын емес. Олай болса, сөз кезегін күн өте көркейіп, аз ғана айларда ажары ашылған Қордай ауылына арнасақ артық болмас. Бүгінде мұнда мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жолдар жөнделіп, тротуарлар төселіп, жарықтандыру жұмыстары қарқын алған.

Иә, ауылдағы өмір қаладағыдан кем болмауы тиіс. Мұндағы жұртшылыққа да орталықтандырылған су жүйесі, жарқыраған жарық шамдары, саябақтар мен тегіс жол сияқты игіліктер қажет. Осыны ескерген еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде жаңа жоба жасауды тапсырып, алдағы бірнеше жылда ауыл аймақтардың гүлденетінін атап өткен болатын. «Ауыл – ел бесігі» аталатын бұл жобаның мақсаты – ауылдағы ағайынның ахуалын жақсарту. Бұл мақсатта бүгін бюджет бөлініп, атқарылатын жұмыстардың жоспары жасалып, күре жолдың бойынан орын тепкен Қордай ауылының келбеті өзгерді. Бұған ауыл жұртшылығы тең куә. Енді, әңгіменің әлқиссасын осы күнге ауылда атқарылған игілікті істен бастап, жоспарланған жұмыстарға ығыстырсақ.

Жалпы, Қордай ауылдық округі әкімдігі мамандарының берген мәліметіне сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында биылғы жылға 900 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Нақтырақ айтсақ, Қордай ауылында 21 жобаны іске асыруға бас-аяғы 884 млн 453 мың теңге жұмсалған. Қордай ауылдық округінің әкімі Б.Сахатовтың айтуынша, 21 жобаның үшеуі Төле би және Қазыбек би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуға бағытталса, қалған 18 жоба бойынша жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, аудан орталығындағы бірнеше көшенің жөндеу жұмыстарын мердігер компания «Арсико Строй Инвест» ЖШС-і өз мойнына алған. Қазіргі таңда Жангелді, Мәметова және Шу көшелеріне асфальт төселіп, орталықтағы ірі көшелердің бірі болып саналатын Абылайхан көшесінің 2,2 шақырымына тақтайдай тегіс асфальт салынды.

Сонымен қатар, «Ақ Жол Сервис 2030» ЖШС-і де 8 жобаны жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, Төле би көшесінің бойынан ұзындығы 600 метр және Қазыбек би көшесінің бойынан ұзындығы 1160 метр жаяу жүргіншілер жолының салынғанына тұрғындар дән риза. Мұнымен қатар Абай, Ақбұлын, Бәйділдә, Шурина, Дружба, Шәріпов, Төле би, Шевченко көшелеріне жөндеу жұмыстары жасалып, аяқталуға таяу. Қысқасы, аудан орталығының жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 4 мердігер жұмылдырылған. Осылайша, аталмыш бағдарлама аясында биыл жол төсемінің бірқатар бөлігі жаңартылды. Алайда, өзгерістер шынымен оң болу үшін бақылау қажет. Жұмыстың сапасын инжиниринг қызметін көрсететін қызметтер бақылауға алған, техникалық қадағалау бойынша келісімшарт «Акмол Тех Надзор» ЖШС-мен, авторлық қадағалау бойынша «Ырыс жоба» ЖШС-мен жасалған.

Айта кетсек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған бұл іс, аудан орталығында жоспарланған жұмыстың бір парасы ғана. Өйткені Қордайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында да бұрын-соңды болмаған құрылыс жұмыстары қолға алынып отыр. Мәселен, аталмыш бағдарлама аясында қомақты қаражат бөлініп, үстіміздегі 2020 жылы Қордай ауылында тағы 119 нысан қолданысқа берілмек. Атап айтсақ, бұл қатарда аудан орталығындағы 88 көше асфальтталса, 8 көшеге тротуар төселіп, 9 көшеге жарық шамдары орнатылып, оншақты аулаға асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылмақ.

Мысалы, бүгінде Төле би, Қазыбек би және әл-Фараби көшелеріне тротуар төселгенін көз көріп жүр. Алайда, аудан орталығындағы тротуарлар мәселесі мұнымен бітпек емес. Күні кеше Беріктас көшесіне, Төле би көшесі мен Өтеген көшесінің соңына дейін, Цемзауыт пен Шөмішке апаратын Центральная көшесіне тротуар төселуде. Сонымен қатар, Жібек жолы көшесінің екі жағындағы кеңес дәуірінен қалған тротуар түгелдей жаңартылуда. Жалпы алғанда Қордай ауылында 20 шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолын жөндеу көзделген.

Мұнымен қоса, ауылдағы көпқабатты үйлердің аулаларына да асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңшалары бой көтермек. Мысалы: Цемзауыттағы Центральная көшесінің бойындағы 5 қабатты үйдің ауласында және мектептің маңында, Жібек жолы көшесінің бойындағы 504-ші үйдің маңында, «Орталық» және «Емен саябағының» аумағында, аудан орталығындағы спорт кешені мен орталық стадион ауласында, «Болашақ» ықшам ауданында балалардың ойын алаңшалары салынатын болады.

Қоғамдық көлікпен қатынайтын жандардың қамы да басшылықтың жіті назарында. Алдағы уақытта Жібек жолы көшесін бойынан су жаңа 21 аялдама бой көтереді. Бұл дегеніңіз тұрғындардың қамы үшін жасалған тағы бір оң қадам.

Ендігі кезекте ауылдағы өмірді қаладағыға біртабан жақындатудың бір жолы — түнгі мезгілде көшелердің бойында жарқыраған жарық шамдары. Бүгіннің өзінде аудан орталығында орнатылған барлық шамдар заманауи, энергия үнемдейтін шамдарға ауыстырылған. Сонымен қатар, қараңғы көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, Өтеген көшесі соңына дейін, Болашақ ықшам ауданына қатынайтын жол мен бірқатар ішкі көшелер жарықтандырылды. Ал, Жібек жолы көшесінің бойына 300-ден астам екі жақты заманауи жарық шамдары мен бағаналары орнатылды. Ауылдық округ аппараты қызметкерлері берген ақпаратқа сүйенсек, жарықтандыру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта Аңырақай, Бөлтірік би, Подгорная, Жеңістің 40 жылдығы, Пушкин, Шынтасов, Жолбарыс батыр, әл-Фараби және Қарасай батыр көшелеріне заманауи жарық шамдарын орнату көзделген.

Жалпы, Қордайдың жолдары бірсыпыра жөнделді, жарық шамдары орнатылды, тротуарлар төселді. Қордайлықтар атқарылған іске оң бағасын беріп те үлгерді. Алайда, бұл аудан орталығында атқарылар істің басы ғана. Анығын айтсақ, бүгінгі таңда, яғни 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Қордай ауылындағы Әуезов, Титов, Шурина, әл-Фараби, Байзақов, Тараз, Балдәурен, Самақов, Көктөбе, Балпұқов, Мичурин, Абай, Қазыбек би, Жеңістің 40 жылдығы, Ноғайбай, Алтынсарин, Елім-ай, Беріктас, Панфилов («Балауса» лагеріне дейін) көшелеріне, №51 ОМ автотұрағына, «Болашақ» ықшам ауданындағы айналма жолға, «Самал» ықшам ауданындағы жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселуде. Сондай-ақ, алдағы уақытта дәл осындай орташа жөндеу жұмыстары аудан орталығының Шөміш ықшам ауданындағы Терешкова, Махамбет, Воржев, Зауыт көшелеріне, Маяковский, Лазо, Гоголь, Әзірбаев, Бигелдинов, Алматы, Береговая, Бәйдібек, Гагарин, Шынтасов, Әйтеков, Бейбітшілік, Жұмабеков, Ноғайбай, Жылыбаев, Ғарышкер, Ардагерлер, Комаров, Жастар, Шығыс, Бегалиев, Бигелдинов, Байзақов, Жолбарыс батыр, Исатай, Қордай, Белашов, Шымбұлақ, Байтұрсынов, Пушкин (тұйығы), Жібек жолы («Тұран» кафесінің маңы), Өтеген (тұйығы), Достық, Жібек жолы (жаңа массивке дейін), Әйтеке би, Отырар, Центральная, Манас сынды көшелерге, БЖШО, №1 ОМ, орталық стадион маңындағы автотұрақтарға, «Самал» ықшам ауданына кіреберіс жолға жасалады. Бағдарлама аясында бас-аяғы 88 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Яғни, алдағы уақытта Қордай ауылындағы көшелер толықтай дерлік асфальтталып, тұрғындар игілігіне берілмек.

«Мен Қордай ауылында тұрып жатқаныма 80 жылдан астам уақыт өтті. Осында тудым, осында өстім, еңбек еттім. Расын айту керек, осы уақыт аралығында ауылымыздың мұндай қарқынды түрде түрленіп, гүлденгенін көргем жоқ. Бұл бір бұрын-соңды болмаған қуанышты жаңалық, тіпті тарихи сәт болғалы тұр. Қайда бара қалсаң да қызған жұмыс, тақтайдай түзу жол, жарқыраған шамдар, жаяу жолаушылар жүретін жолақ, спорт алаңшалары мен балалардың ойын алаңдары. Бір ғана орталық алаңды алып қарасаң қандай қыруар тірліктің атқарылғанын аңғарасың. Өз басым құдды бір Қордай емес, үлкен қалада жүргендей әсер алдым. Ал, ондағы алаңның көркін кіргізген аспалы шамдары мен гүлзарлары, сәні келіскен орындықтары мен субұрқақтың өзі бір бөлекше әлем. Қысқасы, жастарымыз серуендеп, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік пайда болып халықтың әрлі-берлі жүрісі жеңілдеді. Әлбетте, бұл мемлекеттің ауыл халқына деген қамқорлығы. Осындай тамаша тірлік, игілікті өзгерістер үшін ең басты кезекте мемлекет, облыс және аудан басшылығына ауыл тұрғындары атынан зор алғысымды айтамын», — дейді Қордай ауылының тұрғыны Нұрғайша Жапарқұлова.

Әрине, мемлекет тарапынан қолдау табылып, қаражат бөлінген бұл іске аудан басшылығының қосып отырған үлесі қомақты. Өйткені, қолға алынған қай жұмыс болмасын асқан жауапкершілікті талап етеді. Ендеше, халықтың өмір сүру жағдайын жақсартып, игілігіне бастаған ауқымды жұмысқа біз де сәттілік тілейміз.

Әлібек ОСПАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.