Сенбі күні тазалық жұмыстары тек аудан орталығында ғана емес, ауданның барлық елді мекендерінде өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жалпыхалықтық сенбілікке ауылдық округ әкімі аппаратының, мекемелердің қызметкерлері, ауыл тұрғындары және жастар белсене атсалысты. Білек сыбана жұмысқа кіріскен олар айналаны күл-қоқыстан тазартып, тал-теректерді әктеп, жөн-жосықсыз өскен арамшөптерді жұлып, ағаш отырғызу жұмыстарын да қолға алды. Мұндай тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Туған өлкенің тазалығы оның әр тұрғыны үшін маңызды. Осындай ұранды ұстанған «Флагман» сауда үйінің қызметкерлері жұмыла сенбілікке шықты. Сауда үйінің аумағын сыпырып, каналдың бойын жиналған қоқыстан тазартты. Айта кетейік, «Флагман» сауда үйінің ұжымына сенбілікке шығу таңсық емес. Өйткені сауда үйінің басшысы қызметкерлерімен бірге жыл сайын сенбілік жасауды дәстүрге айналдырған.
«Сенбілік өткізу өте дұрыс дәстүр деп ойлаймын. Мұндай іс-шараларға тұрғындардың барлығы қатысуы керек. Мен өз ұжымыммен жыл сайын сенбілікке шығамын. Біз сауда орнының іші ғана емес, сырты да мұнтаздай таза, әдемі болғанын қалаймыз. Тазарту жұмыстарына атсалысқан барлық қызметкерлерге алғыс айтамын. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, дүкеннің аумағын одан әрі көрікті, жайлы ете түстік», — дейді «Флагман» сауда үйінің басшысы Әйгерім Жылқыбекова
Айналасын тап-тұйнақтай етіп тазартып, ауыл тазалығына өз үлестерін қосып жүрген «Флагман» сауда үйінің бұл игі ісі өзге кәсіпкерлік нысандарға үлгі болары сөзсіз.