АУЫЛДАРДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ КЕШЕНДІ ТҮРДЕ ШЕШУ ҚАЖЕТ

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жөніндегі жобаның орындалу барысы қаралды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Ол жобаның ауқымын кеңейту бағытында ауылдықтарға берілетін шағын несиелер беру бойынша қабылданып жатқан шараларға жан-жақты тоқталды.
Айта кетейік, бұған дейін жоба аясында 11 ауылдық округ, кейіннен қайтарым қаражат есебінен қосымша 3 ауыл қамтылған болатын. Ол елді мекендерде кооперативтер құрылып, тұрғындардың өтінімдері бойынша жеңілдетілген несиелер беріліп, үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеру, мал басын арттыру, шағын жобаларды жүзеге асыру шаралары қолға алынған.
Ендігі кезекте облысымыздағы 10 ауданның тағы 10 ауылдық округінде аталған жобаның бес бағытына сәйкес жұмыстар басталуда. Ол үшін үкіметтен тиісті қаржы да қаралған.
Жиында аймақ басшысы жобаның маңыздылығын айрықша атап өтіп, жұмысы сылбыр жүріп жатқан кейбір округтерді сынға алып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысы қолдау білдірген жоба аясында 2025 жылға дейін облыстың барлық ауылдық округі қамтылады деп жоспарлануда.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.