АУЫЛДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

0

Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз алаңында Қасық ауылдық округі әкімінің 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы округ әкімі Айдын Асылбекпен брифинг өтті.

Баяндамашының сөзінше, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жоспар – 6 азамат деп белгіленсе, тәжірибеден 5 жас маман өткен. Сонымен қатар, 5 азамат 7,9 млн.теңгеге мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін ашты. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан 3 азамат өтіп, ақылы қоғамдық жұмысқа 32 азамат, тұрақты жұмысқа 58 азамат орналастырылды.

Әлеуметтік сала және қайырымдылық көмекке келер болсақ, жыл басынан атаулы әлеуметтік көмекке қайырылған 16 отбасына немесе 95 адамға 8 млн астам теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Ауыл азаматтарының демеушілік көмегімен «Мектепке жол акциясы» бойынша 19 бала оқуға қажетті құрал-жабдықтарымен, 50 отбасы азық-түлік себетімен, 330 отбасы мерекелік сыйлықтармен қамтылып, 13 отбасыға ақшалай көмек көрсетілген. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 9 азаматқа мемлекет тарапынан берілетін біржолғы көмек төленген.

Айдын Мұхитұлы айтқандай, округ аумағында екі білім беру мекемесі бар: Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектеп 739 және «Болашақ» жеке меншік бастауыш мектебінде 141 оқушы біліп алуда. 321 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.

Ауыл жастары қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жастарды тәрбиелеу мақсатында 2024-2025 жылы №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің 9 – 11 сынып оқушылары арасында білім сапасы, сынып жетістігі, тазалық, киім үлгісі т.б. көрсеткіштерінің қорытындысымен 11 «Ә» сынып оқушылары үздік сынып атанып, ауыл жастарының атынан 300 мың теңгеге сертификат табысталды.

Әскерге шақыру бойынша жылдың көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанында 10 жасақ жіберілген.

Округте инвестиция тарту жайы да оңды жолға қойылған. Ағымдағы жылы 56,5 млн. теңгеге үш ауыл шаруашылығы бағытындағы инвестициялық жоба орындалды. Атап айтқанда, «КазАгроФинанс» корпорациясы арқылы «Олжас» шаруа қожалығы 21,5 млн теңгеге «ZOOMLION RS1304», «Умтыл» ШҚ 20,2 млн теңгеге «LOVOL 1304» және «LOVOL 1054» тракторларын лизингке сатып алған.

Жыл соңына дейін тағы 20 млн.теңгені құрайтын инвестициялық жобалардың іске асуы жоспарлануда. Олар: мал бордақылау алаңын салу және жеке кәсіпкер Даулетбаев наубайхана ашамын деп отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы құны 20 млн. теңгені құрайтын инвестиция тарту көзделген: мал бордақылау алаңы мен жылқы ұстайтын алаң (конюшня) ашылады деп күтілуде.

Округ орталығы Әлжан ана ауылы бойынша – 906 аула тіркелген, табиғи газға қосылған аула саны – 902 аула немесе 99% құрайды.

Ауыл әкімі ауыз су мәселесіне де қатысты ақпарат берді. Әлжан ана ауылына 2019 жылы жаңа ауыз су желісінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 701 абонент ауыз суға қосылған.

Айдын Мұхитұлының баяндамасына сәйкес ауыл азаматтарының демеушілігімен Н.Тлеубаев көшесі мен Шығыс көшесінің қиылысында орналасқан «Әлжан ана» стелласы маңында 42 ақ қайын және 16 катальпа ағаштары отырғызылған, әкімшілік тарапынан «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында, қоқыс тастайтын полигонға баратын жолдың екі жағына 200-ге жуық қарағаш, Қордай–Тараз тас жолының бойына 136 терек ағаштары және 90 түп қарағаш отырғызылды. Қоқыс тастау полигонына баратын жол бойына демеушілердің көмегімен бейнебақылау камералары орнатылды.

Округтің тыныс-тіршілігінен ауқымды ақпарат берген ауыл әкімі тікелей эфир барысында тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

А.ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.