Ноғайбай ауылдық округіне қарасты Шарбақты ауылында ауыз су құбырының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алынған ауқымды жобалардың бірі.
Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі кезінде жиі көтерілген ауыз су мәселесі бүгінде нақты шешімін табуда. 500-ге жуық халқы бар ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобаның жалпы құны — 1,9 миллиард теңгені құрайды. Мердігер мекеме — «Тараз Ісмер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Құрылыс жұмыстары аясында 57,9 шақырым су құбыры тартылып, 217 құдық пен өрт гидранты орнатылды. Қазіргі таңда су желісі толық жүргізіліп, су қабылдау мұнарасында абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, су жинау нысандарына заманауи сорғы станциялары, резервуарлар, дизельді электр станциялары мен трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылған.
Бұл — болашақта судың үздіксіз әрі тұрақты берілуін қамтамасыз етудің кепілі.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталып, нысанды шілде айының соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға жасалған маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар ауылды дамыту бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты жемісі. Енді ауыл халқы жылдар бойы көтерген өзекті мәселе шешімін тауып, күнделікті тіршілігі әлдеқайда жеңілдей түспек.
Шолпан САБАНОВА