БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫҢ БАҒЫТЫ МЫҚТЫ

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады», – деп атап өткен еді.

 

Ендеше, Мемлекет басшысының тапсырмасы ауданымызда қалай іске асып жатыр? Сол турасында және «Спорт күні» мерекесі қарсаңында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиевпен сұхбаттасқан едік.

-Дидар Манарбекұлы, биылғы жыл жалпы әлем үшін пандемияға байланысты оңай болып жатқан жоқ. Ал, халық денсаулығының кепілі болатын бұқаралық спорттың ахуалы қалай? Сол турасында тарқатып айтсаңыз…

-Иә, рас, әлемді әбігерге салған пандемия спорт саласына да бірқатар өзгерістер алып келді. Дейтұрғанымен, ауданда бұқаралық спортты дамыту бойынша биыл бірқатар жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы 311 спорт нысандары жұмыс істейді. Оның ішінде: 2 спорт кешені, 19 үлкен футбол алаңы, 224 шағын спорт алаңшалары, 57 спорт залдары, 2 бассейн, 6 атқыштар тирі. Сондай-ақ, аталған спорт нысандары кешкі мезгілде аудан тұрғындарына, барлық спорт түрлерімен, атап айтсақ футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, асық ату сынды спорт түрлерімен шұғылдануға қолжетімді. Аудан тұрғындарын, оның ішінде жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жыл басынан жоспарлы және жоспардан тыс 76 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 10257 жастар мен жасөспірімдер жұмылдырылды.

Сонымен қатар, аудан жастары арасында бірқатар спорттық іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ «Спорт бейбітшілік елшісі» атты ұранмен жастар арасында футболдан аудандық турнир, Масанчи ауылдық округіндегі №13 орта мектепте «Ұлт денсаулығы — ұлт байлығы» атты ұранмен шахматтан жастар және ауыл тұрғындары арасында аудандық турнир өтіп, сонымен бірге Қордай ауылындағы «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының» спорт кешенінде волейболдан белсенді жастар арасында ауыспалы «Достық» Кубогы аудандық турнирі ұйымдастырылды. Турнир барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен жастармен кездесу де өтті.

Ал, елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты мамыр айында бірқатар мерекелік спорттық жарыстар әлеуметтік желілер арқылы тікелей қатысумен ұйымдастырылды.

-Пандемияға байланысты бөлім тарапынан межеленген жоспарлар да өзгерген болар. Өйткені, спорттық кешендер мен стадиондар жабылды. Үлкен деңгейдегі іс-шараларға тыйым салынды. Осыларға байланысты жұмыс бағытын қалай өзгерттіңіздер?

-Расында, бөлімнің жылдық жоспары бойынша өтетін ауқымды спорттық іс-шараларға Сovid-19 пандемиясына байланысты шектеу қойылып отыр. Марат Мәзімбаев, Бейбіт Ыстыбаев сынды чемпиондармен жастар арасында кездесу өткізу жоспарланған болатын. Қалыпты жағдай орнаған жағдайда аталмыш жоспарды орындаймыз деген сенімдемін.

-Дәрігерлер ашық алаңда дене шынықтыру жасағанның пайдалы екенін айтуда. Білуімізше қазір оған шек қойылып отырған жоқ. Осы бағытта нендей жұмыстар атқарылуда?

-Халық санының нормативіне сәйкес аудандар мен қалалардағы әрбір елді мекенді жай алаңшалармен қамтамасыз ету бойынша және ауылдық жерлерде тұрғындарға дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік беру мақсатында аудан әкімі және ауылдық округ әкімдері арасындағы екіжақты келісімдегі индикатор бекітіліп, биылғы жылы Қаракемер, Қарасай, Қақпатас, Әлжан ана, Отар, Ауқатты ауылдарында стритворкаут алаңшаларын салу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі күні Қаракемер ауылында стритворкаут, кіші футбол алаңының және Отар ауылында стритворкаут алаңының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген. Қалған ауылдық округтерде стритворкаут алаңының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Samruk-Kazyna Trust» АҚ демеушілігімен Масанчи ауылына стритворкаут, кіші футбол және балалар ойын алаңы қолданысқа берілді. Ал, алдағы уақытта Қордай ауылында 3 стритворкаут алаңының құрылысы басталып, жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен Қордай ауылында 2019 жылы күрес залының және  кіші футбол алаңының құрылыс жұмысы басталған болатын, бұл жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

-Аудандағы спорт мекемелері туралы жалпы айтып өтсеңіз… 

-Ауданда ат спорты, футбол, еркін күрес, қазақ күресі, самбо және каратэ федерациялары жұмыстарын белсенді атқарып, ауқымды кешенді жарыстарды өткізіп келеді. Спорт нысандарының қатарын көбейту мақсатында халық тығыз орналасқан Қордай, Отар, Бетқайнар және Әлжан ана ауылдарында спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушыларға ауданымызда бірнеше спорт мекемелері қызмет көрсетеді. Олар: №1, №2, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері және бұқаралық іс-шаралар өткізу орталығы. Барлық мекемелер жаттықтырушы және оқытушылармен қамтамасыз етілген. Әр мектепте бірнеше спорт түрінен дәріс беріледі. Айта кетсек, бұқаралық іс-шаралар өткізу орталығының спорт нұсқаушылары ауданымыздың 19 ауылдық округінде қызмет атқарады.

-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

-Тамыз-қыркүйек айларында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің 1-кезеңін өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, тамыз айында Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай асық атудан «Алтын сақа» аудандық жарысының 1-кезеңі, футболдан «Былғары доп», «Qazaqstan Jastar Fest-2020» орта білім беретін және оқу орындарының студенттері арасында аудандық фестивалі, «Біз діни экстремизм мен терроризмге қарсымыз» ұранымен өтетін «Көше ойындарының» аудандық кезеңін өткізу жоспарлануда.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Ж.Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.