Қазақтың зергерлік өнері – тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласы. Зергер болу киелі де қасиетті өнер саналған. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп.
Сондай жандар ауданымызда да бар. Зергерлікті ұзақ жылдан бері кәсіп етіп келе жатқан Бақтияр Құрманов саусағынан өнер тамған жан. Біздің кейіпкеріміз – Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің түлегі. Шебермен танысқанда ол: «Зергер жасаған әшекей бұйымдардан жүз жыл өтсе де шебер қолының жылуы сезіліп тұратыны қандай ғажап», деген сөздерден бастады. Әңгіме барысында біз білгеніміз – Бақтияр Қордай ауданында зергерлік әшекей-бұйымдарды қалпына келтіріп, оған екінші, тіпті үшінші өмір сыйлайтын жалғыз адам екен. Ол зергер, суретші, сәулетші, бір сөзбен айтқанда – дарынды адам.
Оның шеберханасына бөгде адамдарға кіруге тыйым салынған. Бірақ тілшілер үшін Бақтияр бұл күні шеберханаға кіруге рұқсат берді. Оған қоса мен шәкірт ретінде жұмыс істеп көруді сұрадым. Алайда, бұл өнердің тумасынан дарынды адамға ғана бағынатынын білген едім.
Осылайша зергердің шеберханасындағы жұмыс күн де басталды. Бақтиярдың шеберханасында тып-тыныш, ол абыр-сабырды жақтырмайды. Себебі, ұқыптылық пен дәлдікті талап ететін жұмыста қатеге бой алдыруға болмайды, бір болмашы қателік қымбатқа түсуі мүмкін. Бақтиярдың айтуынша, бұл істе шыдамдылық пен ынталылық қажет. Шебер бірнеше рет өз арманынан бас тартып, оқуын, сүйікті ісін тастауға бірнеше рет әрекет жасағанын мойындайды.
— Бір күні дайын болып қалған бұйым қышқылда еріп кетті, басынан бастауға тура келді. Бұл жұмысымның басындағы бір ғана жағдай, — дейді Бақтияр.
Мен шебердің жұмысын мұқият бақылап отыруға тырысып бағудамын. Әзірше ол зақым болған зергерлік бұйымдарды жөндеумен айналысып отыр.
Зергерлердің аса көп жасайтыны әйелдердің әшекей бұйымдары. Қазақ әйелдері кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік таққан. Бір-біріне үзбелеп бекітілген үлкенді-кішілі өрнекті алқалардан құралатын салмақты да салтанатты өңіржиектер аса көз тартарлық әсем болады. Қатар-қатар тізбектелген тастар қондырылып жасалған тамақ алқа асыл матамен әдіптеледі. Ал інжу-маржан қадалған тамақшалар – қыздар жиі тағатын бұйымдары.
— Өкінішке орай, қазіргі кезде бұйым жасауға сұраныс жоғары емес, сондықтан сынып қалған заттарды жөндеп, оларға екінші өмір сыйлаймын, — дейді өз жұмысы туралы зергер.
Зергерлік әшекейлердің біреуінің тасы зақымдалса, біреуінің ілгегі сынып қалады. Көп жылғы жұмысы барысында неше түрлі ақауларды жөндеп келген Бақтияр бұйымға қарап иесінің мінезін анықтауды үйреніпті. Расында, үңіліп қарасаң әшекей иесінің мінезін байқауға болады екен.
Күнделікті қайталанатын жұмыста шығармашылық пен өнерге сүйіспеншілікті сақтап қалу қиын, дегенмен бұл қасиеттер Бақтиярдың қанына сіңген, оның отбасындағы адамдардың бәрі шығармашыл. Жолдасы суретші, қыздары ата-анасының ізін басып келеді. Үлкен қызының суреттері шеберхана қабырғасында ілініп тұр.
— Сіздерге бір құпия ашайын. Мен ұлттық нақыштағы бұйымдарды аса ынтамен жасаймын. Тарихтағы ою-өрнектер, суреттер, халқымыздың өзіндік ерекшелігі мен үшін шешімін таппаған жұмбақ. Әрбір сызықтың мәні бар. Егер ұлттық салт-дәстүр мен заманауи үрдісті қоса білсе нағыз үздік туынды шығады, — дейді шебер.
Осындай үздік туындыны ол бірнеше рет жасаған. Оның ең сүйікті жұмысы – этномәнерде орындалған авторлық зергерлік жиынтық. Сырға, сақина, алқа мен екі қобдишаға біраз уақыт кетіп, бірталай күш салынды, мельхиор мен халцедоннан жасалған туындыға 3 ай уақыт жұмсалды.
— Кез-келген бұйымды жасау оңай емес, әсіресе ұлттық нақышта жасалатын әшекейлерге ерекше назар аударамын. Бұл ретте мен бар күш-жігерімді саламын. Жұмыста ешбір ақау болмай, барлығын есепке алу қажет. Ең алдымен болашақ бұйымның бейнесі ойыма келеді, оны қағаз бетіне түсіріп, қандай тас пен метал қолданатыным жөнінде есеп жүргіземін. Содан кейін ғана жұмыс басталады, — дейді.
Сонымен бірге шебер бізге таспен безендірілген кішігірім қанжар мен қылышты мақтанышпен көрсетті. Оның іске асқан арманы тарихты баяндап, ата-бабаларымыздың айбыны мен абыройын еске салады. Қордайлық зергердің туындылары бейнеленген фотосуреттерді көріп олар атақты әлемдік брендтерге бәсекелес бола алатыны әбден мүмкін деген ой келді. Осындай әдемі туынды кішігірім ауылда тұратын қарапайым жігіттің қолынан шыққанына біреу сенсе, біреу сенбес.
Одан басқа Бақтияр бұрын мүсін жасаған екен. Сонымен қатар, кейіпкеріміз сурет өнерінің қыр-сырын үйреніп, құмыра ісін меңгерген, бірақ зергерлік өнерге деген әуестік басым болды. Бұрын қызықты болған істеріне қазір уақыт жетпейді.
Тәжірибелі зергердің жақсы көретін металы – күміс. Бұл асыл метал жұмсақ болып келеді. Алтынға құрметпен қарайтын шебер 985 номерлі сынамасы бар металмен жұмыс істегенді ұнатады. Қолынан шыққан зергерлік бұйымдарды сүйікті әйелдеріңізге сыйлайсыз ба деген сұраққа, «Бұрын болған», — деп шебер күлімдеп жауап берді.
Зергердің жанында өткен бір күнде бұл істі ебі жоқ адамның үйренуі екіталай екеніне көз жеткіздік. Зергер – бейімділік пен ішкі дүниенің жағдайы. Өйткені бізден кейін ұрпақтарға қалатын дүние мінсіз болуы қажет.
Шолпан САБАНОВА