Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балаларға елде қолайлы жағдайлар жасалуы керек, сондай-ақ олардың қоғамға бейімделуіне ерекше назар аударылуы тиіс, – деген болатын. Бүгінде ауданымызда оларға арнайы орталықтар қызмет көрсетіп келеді.
Элнура Мінісқұлованың жетекшілігімен мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы 2015 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда жылына орта есеппен 40 бала оңалту және бейімдеу қызметтерін алады. Оларға стандарт бойынша 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бірақ орталықта әр түрлі сабақтар ғана емес, сонымен қатар балалар мен олардың ата-аналарына ұмытылмас әсер мен керемет эмоциялар сыйлайтын, көңіл-күйді көтеретін мерекелік іс-шаралар өткізіледі.
Осылайша, «Балаларды қорғау күні» мерекесіне орай оңалту орталығының қызметкерлері мен демеушілері балаларға нағыз мереке сыйлап, оған балалардың өздері де белсене қатысты. Ізгілік пен игілікті істерге негізделген бұл шараның мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қоғамдағы мейірімділік пен қамқорлықты арттыру, ойындар мен билер кезінде бірлескен іс-әрекет дағдыларын қалыптастыру, ұжымшылдық сезімін, дос болуға деген ұмтылысты, басқа балалармен қарым-қатынас жасау қабілетін тәрбиелеу, мүмкіндігі шектеулі балаларға назар аудару болды. Мерекелік іс-шараға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Қордай ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Болар Байшымиров, аналар кеңесінің төрағасы Роза Қағазбай, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Құрманбек Әлімжан, балалардың ата-аналары және басқалар қатысты.
Концерт шымылдығы орталық қызметкерлерінің балалармен бірге өнер көрсетуімен ашылды. Олар «Гүл мен көбелек» атты керемет би биледі. Содан соң құттықтау сөз аудан басшысының орынбасары Дамира Маратқызына берілді. Өз сөзінде ол аудан әкімі Бекзат Болатбековтың атынан орталық тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап, орталық қызметкерлері, мүгедек ата-аналар мен балалардың батылдық пен рухтың нағыз үлгісі екенін атап өтті. Осыдан кейін ол орталық тәрбиеленушілерінің ата-аналарына аудан басшысының атынан сыйлықтар, ал оңалту орталығының тұрақты демеушісі жеке кәсіпкер Станислав Аманбаевқа «Алғыс хат» табыс етті. Станислав Есенгелдіұлы өз сөзінде аудан басшылығына шын жүректен алғысын білдіріп, балаларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Одан әрі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы құттықтау сөз сөйледі. Біржан Әбдікерімұлы балаларды шын жүректен құттықтап, зор денсаулық тілеп, орталық тәрбиеленушілерінің ата-аналары нағыз батырлар екенін атап өтті.
Келесі кезекте орталық қызметкерлері мен тәрбиеленушілерінің концерттік бағдарламасы арулардың орындауындағы «Қолшатырлар» би қойылымымен жалғасты. Одан әрі орталықтың тәрбиеленушісі Еділбай «Бала тілегі» атты керемет әнімен шықты. Орталықтың жас қызметкерлерінің биі де көрерменді әбден таң қалдырды. Ал балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі Аляна Керімжанның орындауындағы «Бақытты балалық шақ» әні ешкімді бей-жай қалдырмады. Оңалту орталығының қызметкерлері мен тәрбиеленушілерінің көңілді орындауындағы «Чунга-чанга» биі қатысушылардың көңіл-күйін көтерді. Содан соң олар «Сарбаздар» патриоттық биін керемет орындап, балалар киген әскери костюмдер өте әдемі көрінді. Нұрмұхаммедтің орындауындағы өте мейірімді ән де тыңдарманды тәнті етті. «Флешмоб» әдемі биі, «Ата-ана» әні, «Ковбой» жалынды биі көрермендердің көңіл-күйін көтерді.
Мереке соңында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ «Флагман» сауда үйі, «Семей» дүкені, такси жүргізушілері, «Ақтас» ЖШС, «Милана» дүкені және Станислав Аманбаев сияқты оңалту орталығының тұрақты демеушілері балаларға тәтті және құнды сыйлықтар табыс етіп, осылайша оларға зор қуаныш, қамқорлық пен көңіл бөлді. Оңалту орталығының қызметкерлері мен тәрбиеленушілері, ата-аналар мен орталықтың басшысы Элнура Төлендіқызы қонақтар мен демеушілерге сыйлықтары және балаларға көрсеткен қамқорлығы мен зейіні үшін шын жүректен алғыстарын білдірді. Содан кейін орталық тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналары мерекелік дастарханға шақырылды.
Оңалту орталығындағы мерекелік іс-шара жай ғана ойын-сауық емес, барлығына әр баланың, әсіресе ерекше қолдауды қажет ететіндердің құқықтары мен мүдделерін қорғау қажеттілігін еске салатын маңызды шара болды.
Мадина УЗБЕКОВА