«Тамаша» мейрамханасында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың қатысуымен балаларға арналған дәстүрлі Жаңа жылдық шырша мерекесі өтті.
Мерекелік кеш барысында аудан әкімі жас ұрпақты келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, 2025 жылдың аудан үшін де, білім алушылар үшін де жетістіктер мен игі істерге толы берекелі жыл болғанын атап өтті. Өз сөзінде:
«Балалар, сіздер – Қордайдың жарқын келешегі, ел ертеңінің айнасысыздар. Әрқайсыңыздың бойыңызда үлкен арман, ерекше қабілет бар. Сол арман мен мақсаттарыңыз орындалып, білімде, өнерде, спортта жаңа биіктерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін. Біз сіздерге қолдау көрсетуге, жағдай жасауға әрдайым дайынбыз. Өйткені ауданның да, елдің де болашағы – білімді, бақытты, мықты ұрпақтың қолында» – деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Осыдан кейін аудан басшысы балаларға арнайы дайындалған жаңа жылдық сыйлықтарды табыстап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шара одан әрі Аяз ата мен Ақшақардың келуімен жалғасып, өнерлі оқушылар ән айтып, өлең оқып, әсем билер мен қойылымдар ұсынды. Шырша маңына жиналған ертегі кейіпкерлері балаларға ғажайыпқа толы көріністер көрсетіп, бүлдіршіндерге ұмытылмас әсер сыйлады.
Айта кетейік, мерекелік шараға ауданның 19 ауылдық округіне қарасты 41 елді мекеннен 10–12 жас аралығындағы 200 бала қатысты. Олардың қатарында асыраушысынан айырылған, толық емес, осал топтағы отбасылардың балалары, сондай-ақ шекара, төтенше жағдай қызметі, құқық қорғау органдарының көп балалы отбасыларынан шыққан бүлдіршіндер бар.
Фариза ҚОРАБАЙ