Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында және аудан әкімінің тікелей қолдауымен Қарасай ауылында жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Аталған жоба тұрғындардың аудан әкімінің есептік кездесулерінде көтерген маңызды ұсыныстарының бірі болатын.
Жобаның басты мақсаты – ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау және олардың қауіпсіз ойын ортасын қамтамасыз ету. Осыған орай, алаңша заманауи талаптарға толықтай сай жабдықталып, түрлі жастағы балаларға арналған ойын құрылғылары орнатылды. Атап айтқанда, сырғанақтар, әткеншектер, өрмелегіштер және көпфункционалды ойын кешендері балалардың физикалық дамуына оң ықпал етуге бағытталған.
Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алаң айналасы толықтай қоршалған. Ата-аналардың жайлы демалуы үшін орындықтар қойылып, кешкі уақытта жарық түсіретін шамдар орнатылған. Арнайы жұмсақ төсеніш төселіп, жарақат алу қаупі барынша азайтылған.
Жаңа нысанның ашылуына орай ауыл тұрғындары мен балалардың қатысуымен шағын салтанатты шара ұйымдастырылды. Жиналған жұртшылық жергілікті билік өкілдеріне ризашылықтарын білдіріп, бұл игі істің жалғасын табатынына сенім білдірді.
Жобаның іске асуына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме тарапынан қысқа мерзім ішінде жұмыстар сапалы орындалды.
Қарасайлық тұрғындар үшін бұл алаңша – тек балалардың ойнайтын орны ғана емес, ауыл өміріне серпін беретін, ұрпақ тәрбиесіне оң әсер ететін маңызды әлеуметтік нысанға айналмақ.