БАСШЫ САЙЛАНЫП, БАСЫМ БАҒЫТТАР АЙТЫЛДЫ

0

Жамбыл облысының білім қызметкерлері кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің құрамына кіретін барлық филиалдарда үстіміздегі жылы есеп беру, сайлау науқаны өтуде. Бұл барлық деңгейдегі кәсіподақ органдары үшін өте маңызды әрі жауапты кезең. Есеп беру және сайлау барысында кәсіподақтар есеп беру алаңдары мен мінберлерді кәсіподақ қозғалысының ұстанымдарын, идеяларын насихаттауға, кәсіптік одаққа кіретін қызметкерлердің заңды құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға бағытталған игі ниеттерді ашық түрде жария ете білуді мақсат етеді.

Осыған орай 12 сәуір күні №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының мәжіліс залында Қордай аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда «2019-2023 жылдар аралығындағы аудандық комитеттің атқарған жұмысы туралы» есебі тыңдалып, алдағы мақсат-міндеттері айқындалды.
Конференция жұмысына Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Е.Мағзымбеков, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай, аудандық мәслихат төрағасы Н.Садықов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрайымы Б.Қарамолдаева, білім және кәсіподақ саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері, көршілес аудандардағы білім қызметкерлерінің комитеттерінің төрағалары қатысты.
Жиында «Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитетінің 2019-2023 ж.ж. аралығындағы жұмысы туралы» аудандық комитет төрайымы Қарлығаш Кыпшақбаева баяндама жасады.
Баяндамадан белгілі болғандай, 2019-2023 жылдардағы есепті кезең ішінде кәсіподақ жұмысын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Ауданда 2 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жабылса, кәсіподақ мүшелігіне 3 жекеменшік білім беру мекемелері қабылданыпты. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы cтатистикалық есеп бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 83, ондағы кәсіподақ мүшелерінің саны 5824 адамды құраған. Аудандағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының құрамына 48 жалпы білім беретін мектеп, 3 жекеменшік мектебі, 13 қосымша білім беру ұйымдары және білім бөлімі кіреді.
-Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитеті, өз мүшелігіндегі әр адамның еңбек етуінде заңды құқықтарының ережемен және өзіне жүктелген функционалдық міндеттерінің тиімді және сапалы атқарылуын, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы келісім- шарт талаптарының орындалуын бақылауды үнемі жүзеге асырып келеді. Соның бірден бір көрсеткіші – 2010 жылдан бері штаттық негіздегі кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекторлары институты қолданысқа енгізілген болатын. Қазір Қордай ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы болып Бауыржан Алпысбаев жұмыс атқаруда. Құқықтық инспекция жұмыс жоспарына сай есепті кезең ішінде 232 тексеру шараларын жүргізіп, 760 еңбек заңдылығын бұзу фактілері анықталып, кемшілік орын алған мекемелерге хат жолданып, шешімін тапқан. Есепті мерзімде ауызша 1508 адам қайырылса, 60 адамға жазбаша жауап берілді, — деді Қ.Қыпшақбаева.
Конференция барысында баяндамашы ауданның білім мекемелері 2019-2023 жылдар арасында Ұжымдық шарт талаптарының орындалу барысы туралы қысқаша тоқталып өтіп, сондай-ақ, кәсіподақ үнемі қолға алатын мерекелер де өткен жылы лайықты өткенін жеткізді. Мәселен, 2022 жылдың өзінде дәстүрлі түрде оқу жылындағы мерекелік шаралар «Тамыз кеңесі», «Еңбек күні», «Мұғалім күні» «Қарттар күні» «Кәсіподақ күні», 1 наурыз-Алғыс айту күні, Халықаралық әйелдер күні, Наурыз мейрамы, Жаңа жыл, Республика күні мерекелеріне орай іс-шаралар өткізіліп, аталмыш шараларда 235 кәсіподақ мүшелері, 40-қа жуық ардагер ұстаздар марапатталып, кәсіподақ комитеті тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілген.
-Жыл сайын әр оқу жылының рейтинг қорытындысы бойынша инновациялық бағытта жұмыс жасаған орта білім беру ұйымдары кәсіподақ тарапынан қаржылай сыйақы түрінде марапатталып, бастауыш кәсіподақ ұйымына материалдық техникалық базасын жақсартуға көмек көрсетіледі. Сала еңбеккерлері – кәсіподақ мүшелерін сауықтыру көрсеткіштері есепті кезеңде едәуір өсті. Жыл сайын «Сарыағаш», «Мерке-Радон», «Мерке-Мейірім», «Манкент», «ГРЭС», «Самал», «Айшабибі», «Жұмбақтас» шипажайлары мен сауықтыру орындарына, Алакөл, Ыстық көл жағалауына жолдамалар алып, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелеріне 50% жеңілдікпен ұйымдастырылса, Түркістан қаласына туристік саяхат жыл сайын аудандық комитет тарапынан тегін ұйымдастырылуда, — дейді Қарлығаш Қанатбекқызы.
Осыдан кейін конференция делегаттары баяндаманы талқылауға көшіп, жарыссөзге жазылғандар өз пікірлерін ортаға салды. Келесі кезекте Бақылау-тексеру комиссиясының жұмысы туралы есеп тыңдалып, одан соң күн тәртбіне сәйкес «Білім беру қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитеті» филиалының басшы органдарын сайлау және бекіту туралы ұсыныс айтылып, Қарлығаш Қыпшақбаеваның кандидатурасы ұсынылып, ол бірауыздан конференция делегаттарымен мақұлданды. Осылармен қатар филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының құрамы, комитет құрамы және атқару комитетінің құрамы сайланды.
Осыдан кейін Кәсіподақтың Қордай аудандық ұйымынан Жамбыл облыстық Комитет құрамына жолданатын өкілдерді сайлау және Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының кезекті XV есеп беру-сайлау Конференциясына делегаттар сайлау туралы ұсыныстар көпшілік талқысына салынып, бірауыздан қабыл алынды.
-Ұйымдастыру комитеті мен конференция қатысушыларына келіп, қатысып атсалысқандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі конференцияда маңызды мәселелер айтылып, неге назар аудару қажет екендігі де айтылды. Осы жолда барлықтарыңыздың жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Кәсіподақтың басшы органдарына жаңадан сайланған әріптестерімді құттықтаймын, — деген Жамбыл облысы білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Е.Мағзымбеков жиналыс соңында аймақтық қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене қатысқан кәсіподақ белсенділері мен әртүрлі кәсіподақтық байқаулардың жеңімпаздарын марапаттауға қатысты.
Осы күні конференция делегаттары аудандық кәсіподақ комитетінің өткен есепті 5 жылдағы жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалап, тексеру комиссиясының есебін бекітті.

Дайындаған Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.