Туған жеріне, еліне деген махаббатын арнап, сүйіспеншілігін білдірмеген адам жоқ шығар, сірә? Өскен жеріне әркім әрқалай үлес қосады. Талабы жоғарылар шыққан биігімен ауыл атын асқақтатса, іскер жандар өздері туып-өскен өңірлердің экономикасын көтеруге, туған жерге қолдарынан келгенше көмек көрсетуге ұмтылады.
Қай мекемені айтсақ та, ұжымның мақтанышына айналған адамы болады. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында, бұл қызметтің маманы жайында аз-кем сөз қозғасақ. Алия Махамеджанова – Ауқатты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-бухгалтері. Оның жұмыс тәжірибесі ауылдық округтің дамуына айтарлықтай әсер еткен көптеген жетістіктермен байланысты. Өзінің кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығы арқасында, Алия Мәуленқызы қаржы саласында мықты тәжірибесі бар маман ретінде танылған. Есеп-қисаптың әдіс-тәсілін жетік меңгерген ол, ауылдық округтің бюджетін тиімді жоспарлап және бақылауда ұстап келеді. Қалай десек те, оның жұмысында әрбір сәттің маңызы зор, себебі ол жергілікті әкімдік пен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып отыр. Әрбір есеп немесе оның қолында тұрған жоспар тұрғындардың болашағына, олардың өмір сүру деңгейіне әсер етеді. Сондықтан да болар жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, ауылдық округтің дамуы мен экономикалық тұрғыдан өсуіне ықпал етуде.
Қызметтегі әріптестері әрқашан оның көмегіне жүгінетінін айтады. Себебі оның адалдығы мен біліктілігіне, мейірімділігі мен адамгершілігіне сенеді. Сондай-ақ, сенімді серіктес, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін қоғамдық қызметкер ретінде қабылдайды.
Қазіргі таңда бухгалтер лауазымы қаржы және экономика саласында ең қажетті мамандықтардың бірі. Бухгалтерлік есепсіз әлемнің бірде-бір экономикасы жасай алмайды. Жеке кәсіпорындар, зауыттар және тіпті шағын дүкендердің жұмысы бухгалтерлік есепке байланысты.
«Мұнда ең алғаш 2017 жылы хатшы болып орналастым. Кейінірек статист, жетекші маманның міндетін атқарушы лауазымында болдым. 2019 жылдан бері ішкі конкурс арқылы бас маман-бухгалтер қызметіне ауыстым», — деп бөлісті кейіпкеріміз.
Өз таңдауына сенімді Алия Мәуленқызы аудан орталығында орналасқан «Қордай» Гуманитарлы-экономикалық колледжінің «қаржыгер» мамандығын аяқтаған. Кейіпкеріміз өзін құзыретіндегі кез келген мәселелерді шешу үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті адал, тәртіпті қызметкер ретінде көрсетіп келеді.
Қорытындылай келсек, ел абыройын асқақтатып, дамуына орасан үлес қосатын мемлекеттік қызметкер болу – аса жауапты міндет. Өйткені, мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын демекпіз!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ