БАТЫЛ ҚАДАМ БАҚ ӘКЕЛЕДІ

0

Қордай ауданындағы «Арли» деп аталатын жиһаз цехы өзін сәнді әрі заманауи дизайнда жасалған өнім құнын қолжетімді бағамен шебер үйлестіретін кәсіпорын ретінде таныта білді. Цехтың иесі – Сортөбе ауылының тұрғыны Ахмет Арли.

Оның бір кездері жиһаз жасап шығару ісіне қызыққандығы соншалықты, уақыт өте келе өзі де осы өндіріске кірісіп кетті. Бірнеше жыл Алматыда жиһаз сатушы болып еңбектеніп, жеке ісін ашуға бел буды.

-Көп адамдар өз ісімді ашсам ба деп ойланады, бірақ нақты шешім қабылдауға әркімнің батылы жете бермейді. Мен өзім Алматыда жиһаз дүкенінде жұмыс істеп  жүрген кезімде жеке жиһаз цехымды ашу керектігін түсіндім. Тіпті, істі қалай жүргізетініме дейін жоспар сызып, дайындап қойдым. Барлық идеяларымды туған-туыстарыммен және таныстарыммен ақылдасып отырдым. Осылайша, жан-жақты келісіп, жиһаз өндіріп шығарып, өз дүкенімізді ашсақ деген шешімге келдік. Себебі, бұл саланы мен жетік меңгеріп алдым. Фурнитура мен жабдықтарды қайдан сатып алуға болады, тұтынушының сұранысына сай қандай өнім ұсынуға болатындығын білемін, — дейді өндірісін таныстыру барысында Ахмет.

Кәсіпкер алдымен өз үйінде жұмыс істеп, клиенттер жинақтады, одан кейін жеке цех ашты. Бүгінде оған тапсырыс берушілер бірнеше ай бұрын жазылатын болған. Жұмыс процесінде сортөбелік кәсіпкер өзіне негізгі бағыт – корпустық жиһаз шығаруды таңдады. Ең бастысы, бұл бағытта ары қарай өз-өзіңді дамытуға мүмкіндік бар.

-Өнім сұранысқа ие болсын десең, әрдайым өз біліміңді, тәжірибеңді жетілдіріп отыруың қажет, — деп сенеді Ахмет Арли. Бұл бос сөз емес. Бастапқыда өзінің ұлы және оның досымен бірге іске кірісті. Еш жерде кәсіби білім алған жоқ. Білімін жетілдіруге интернет желісі көмектесті деуге болады, сондай-ақ, жасап, сынап көріп бірте-бірте үйренді. Ең басында жай ғана орындық жасауды қолға алды. Ал бүгін ол толыққанды жиһаз жиынтығын жасап шығарады.

Кәсіпкердің айтуынша, өнімдер тапсырысқа сәйкес жасалады, сондықтан өнім түрлері де әртүрлі болып келеді. Негізгі басымдық – тауар сапасы. Соның арқасында жиһаз шеберханасының тек жергілікті тұрғындардан ғана емес, жақын маңдағы ауылдардан, аудан орталығынан да тұрақты тұтынушылары бар. Сонымен қатар, Ахмет жиһаз дүкенін ашты, онда ол өз өнімдерімен қатар Қазақстан, Ресей, Қырғызстанның ірі өндірушілерінің жиһаздарын сатады.

Кәсіпкер бүгінде жиһаз түрлерін көбейтіп, жаңа станоктар алу арқылы жұмыс істеп тұрған цехты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Кәсіпкерлік – батыл қадам жасауды қажет ететін сала деп есептейді ол. Тек алға ұмтылып, дамуға болады.

 Ләйлім Досембекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.