Ағымдағы жылы қазақ халқының мақтан тұтар ұлы, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуы – бұл мерейтой еліміз үшін ерекше маңызға ие. 1910 жылы туылып, 1982 жылы дүниеден озған Бауыржан Момышұлы – тек жауынгерлік ерлігімен ғана емес, сонымен қатар өзінің терең ойлы жазбаларымен де ұрпақтар санасында мәңгі қалған тұлға. Ол Қызыл Армия қатарына 1932 жылы қабылданды. 1941 жылдың тамызында генерал Панфиловтың басшылығымен құрылған 316-шы атқыштар дивизиясына кіріп, 27-ден астам шайқасқа қатысып, жау қолына берілмей, қаһармандықпен шайқасты. Соғыс аяқталғаннан кейін Ленин орденімен марапатталды. Соғыстан кейін ол әңгімелер мен романдар жазуды бастады. Оның алғашқы туындысы – «Офицер күнделігі» атты кітабы жарық көрді. Бұдан кейін «Біздің семья», «Москва түбіндегі шайқас», «Майдан», «Генерал Панфилов», «Куба әскерлері», «Адам қайраты» сияқты әңгімелер мен повестер жинақтары шығып, олардың кейбіреулері экранға да шықты.
Осы тарихи мерейтойды атап өту аясында, аудандық музейде №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 7 «Ә» сынып оқушыларының қатысуымен «Бауыржан Момышұлы – ерліктің мәңгілік символы» атты мазмұнды кездесу өтті. Бұл шараға ерекше мән беріліп, қаһарман бабамыздың есімімен аттас, бүгінде әр салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтар арнайы шақырылды. Атап айтсақ, Жамбыл облысы білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Қордай ауданы бойынша құқықтық инспекторы Бауыржан Алпысбаев, атақты сұрмерген, батыр жерлесіміз Әбіл Нүсіпбаевтың немересі, жеке кәсіпкер Бауыржан Нүсіпбаев, Қордай ауданы әкімінің аппараты, қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Жәнетұлы. Бір қызығы, бұл азаматтардың үшеуінің де есімдерін Бауыржан Момышұлының құрметіне қойған екен. Бұл – халықтың батырға деген ерекше құрметінің айқын көрінісі.
Кездесу барысында қонақтар өздерінің өмірден алған тәжірибелерімен, батыр тұлғаға деген ой-толғаныстарымен бөлісіп, жас ұрпаққа рухани азық болар өнегелі сөздерін жеткізді.
Бауыржан Алпысбаев, Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген даналық сөзін алға тартып, жастарды білімге, тәртіпке және адал еңбекке үндеді. Оның сөзі жас ұрпақтың санасына терең ой салды.
Бауыржан Нүсіпбаев, өз кезегінде, кездесудің көркін одан әрі аша түсті. Ол батыр атамыздың өмір жолын жан-жақты баяндап, соғыс жылдарындағы ерлік істерін, жауынгерлерге рух берген қайсарлығын, майдан даласында көрсеткен тапқырлығы мен шешім қабылдаудағы батылдығын тебірене әңгімеледі. Ерекше айта кететін жайт, Бауыржан Саматұлының атасы, даңқты сұрмерген Әбіл Нүсіпбаев, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен иық тіресе жүріп, Мәскеуді жаудан қорғаған 316-шы атқыштар дивизиясында бірге ерлік көрсеткен. «Бауыржан Момышұлы – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлем мойындаған батыр. Оның есімі – ерліктің, табандылықтың және отансүйгіштіктің мәңгілік символы», – деген сөздері көпшіліктің жүрегіне жылы тиді.
Жәнетұлы Бауыржан, өз сөзінде, батырдың есімін иеленудің үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, «Бауыржан атамыздың есімін абыроймен алып жүруге тырысамыз, жаман атқа ілінбей, атамыздың атына кір келтірмеу – біздің парызымыз», – деген ой түйді.
Кездесуге қатысқан оқушылар қонақтардың жүрекжарды әңгімесін ықыласпен тыңдап, Бауыржан Момышұлының тұлғасын бұрынғыдан да жақын танып, оның қайсарлығы мен отансүйгіштігіне тәнті болды.
Кездесу естелік суретке түсумен қорытындыланды. Музей ұжымы қонақтарға алғыс білдірді.
Бауыржан Момышұлы – біздер, қазақстандықтар үшін отансүйгіштіктің үлгісі болып табылады. Батыр, патриот, жазушы, қазақ, Ұлы Жеңісті жақындатқан және соғыссыз өмірді сыйлаған адамдардың бірі әрі бірегейі.
Мадина УЗБЕКОВА