БИЛЕРДІҢ ҚОҒАМҒА ТИГІЗЕР ПАЙДАСЫ ЗОР

0

Қазақ халқы ежелде-ақ «дала демократиясына» жетік, сөзге тоқтаған текті халық қой. Ел ішіндегі, тіпті қатарлас жатқан мемлекеттердің арасындағы мәселелерді билер кеңесі арқылы шешіп, шегендеп отырған. Ежелгі дәуірлердегі билердің үстемдігінің хандардан жоғары болғандығы да анық.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйініндегі» жті басым бағдарламаның бірі «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын іске асыру аясында республикада Билер  кеңесі құрылғаны көпке мәлім. Мұндағы мақсат – тұрғындар арасында орын алған дау-дамайлар мен ұсақ-түйек құқық бұзушылықтарды шешу арқылы оларды татуластыру, ортақ мәселеге келтіре отырып, ел бірлігі мен ұлтаралық келісімге қол жеткізу. Сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау арқылы оларды болашақ ұрпақтың бойына сіңіру жолында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу.

Халықтың өзін – өзі басқару заңдылықтарына сәйкес қоғамда түрлі институттар пайда болуда. Солардың бірі – ғасырлар бойы қалыптасқан «Билер» институты болып табылады. Қазақстан Республикасының  2011 жылғы 28 қаңтар күні қабылданған «Медиация туралы»Заң қабылданысымен елімізде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар турвлы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау-шаралар) медиацияның қатысуымен медиаторлар арқылы шешіле бастады.  Осы құқықтық саланы одан әрі дамыту үшін ҚР Жоғарғы соты соңғы жылдары «Дәнекер» жобасын ұсынып, дау-шараларды ежелгі салт-дәстүр бойынша билер соты арқылы шешуді қолға ала бастаған болатын. Осы жобаға сәйкес бұл қанатқақты жоба еліміздің бірқатар өңірлерінде жүзеге аса бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолджауына осыған баса мән беріп, дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамытуды тапсырған болатын. Ондағы мақсат – билер кеңесі арқылы кейбір дауларды сотқа дейін реттеп, татуласы рәсімдерін жан жақты дамытуды          көздейді.

Мемлекет басшысының Жоғарғы Сотқа берген тапсырмасына байланысты бүгінде қоғам өмірінде орын алатын кейбір дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешу жолдары қарастырылуда.

Қодай ауданында осы тапсырманы орындау үшін Жамбыл облыстық, Қордай аудандық соттар мен аудандық ардагерлер кеңестерімен бірлесіп, ұйымдастыруымен 2018 жылы Билер кеңесі құрылған. Әр ауылда 2-3тен, аудан орталығында 5 адамнан тұратын Билер кеңесі бар. Аудандық билер кеңесі аудандық ардагерлер кеңесінің офисінде орналасқан, апта бойы қабылдау жүргізеді, сондай- ақ, аудандық сот ғимаратында да билер бөлмесі ашылған, онда билер кеңесінің мүшелері кезекшілік етіп, сотта шешілетін дауларға қатысады. Қазіргі таңда 19 ауылдық округтегі, 41 елді мекенде 76 Би  қоғамдық тұрғыда халыққа қызмет етеді.

2019-2023 жылы билер кеңесінің бастамасымен аудандық сот, ІІБ, прокуратура, аудандық ардегерлер кеңесі өзара ынтымақтатық жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандумның негізгі мақсаты – қоғамдық қарым – қтынастардың тұрақтылығын және ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Билер институтын жаңғыртып, бұқараның құқықтық сауатын арттыру және мәдениетін көтеру. Сондай-ақ, билер мен медиаторлардың жәрдемімен дауларды соттан тыс реттеуде билер кеңесінің, татуласу орталықтарының жұмысын үйлестіру көзделген. Осының арқасында билер кеңесі бүгінге дейін көптеген даулы мәселелерді қарап, екі тарапты татуластыру бойынша шешімдер қабылдады.

Қаралған істердің көпшілігі, негізінен жеңіл желпі, ұрлық – қарлық, отбасы жағдайлары, ата-анамен балалар қатынасы, көршілер қатынасы, ұрыс-керіс болып табылады. Қаралған істердің көпшілігі оң шешімін тауып, адамдар татуласып, бітімгершілікке келіп жатыр.

Ежелден билеріміз ердің құнын бір ауыз сөзбен шеше білген. Сондай-ақ жер мен жесір дауын да ағайын арасынан сыртқа шығармай ақылдаса отырып шешіп келген халықпыз. Сол кезде қазақ сахарасында ақсақалдар мен билердің дала институты жұмыс істегенін білеміз. Ел үлкеннің сөзіне тоқтаған. Қандай да бір түйіні қиын, шешімі күрделі мәселені көргені мол, кемеңгер билеріміз бір ауыз  сөзбен түйіндеп, тұтас рулы елдің, жалпы қазақтың бірлік-берекесін сақтап отырған. Сол үрдес бүгін де сабақтастығын тауын, ұрапақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қаймағы бұзылмаған ауылдарда әулеттің үлкеніне бағыну, ауылдың ақсақалы айтқан шешімге бас ұру үрдісі ішінара болмаса да ел ішінде сақталған. Ал бүгінгі таңда араздасқан ағайынды, ажырасқан жастарды қариялар, аузы дуалы ақсақалдар мен билер ара түсіп, татуластырып, табыстырып жатса, сауап іс емес пе?

4 қыркүйек күні, аудандық ардагерлер кеңесінде  Қордай аудандық соты мен аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, аудандық, ауылдық округ Билерінің, ардагерлер кеңестерініңтөрағаларының қатысуымен «Билер  кеңесі — даулы шешудің тиімді жолы» атты семинар кеңес өтті. Кеңеске аудандық сот төрағасы Е.Ильясов, сот медиатор М.Омарова, аудандық  полиция бөлімінен ана мен бала құқығын қорғау жөніндегі инспекторы Ы.Каден қатысты.

Семинар кеңесте негізгі қаралған мәселелер, дауларды билер кеңестерімен сотқа дейінгі бітістіру, татуластыру болды. Семинар соңында тараптар төмендегідей келісімге келді. Бұдан былай участкелік полициялар отбасылық дау-дамайларды сотқа сүйрелемей алдымен билер кеңесінде татуластыруға әкелінетін болды. Сотқа дауласушылар келіспеген жағдайда ғана жіберіледі. Ендігі кезекте отбасында болып жатқан құқық бұзушылықтар барлық ауылдық округтердегі билер кеңесінде қаралатын болды. Сол себептен ауыл әкімдеріе ардагерлер кеңестері мен Билер кеңестеріне бөлмелер қарастыру және дау дамайларды бірлесіп шешу ұсынылды.

Сондай-ақ , аудандық Сот төрағасы Е.Ильясов аудандағы болып жатқан қылмыстық істерге тоқталып өтті. Отбасылық құндылықтардың төмендегенін, ажырасу мәселелерінің көбейгенін атап өтті. Жастардың Әскер қатарына бармауы, әсіресе дүнген халқының балаларының бармайтыны аталды.

Сол себепті аудан ардагерлерін, ақсақалдары халқымызды, жастарды, ата-аналарды, отбасында ұрпақ тәрбиесіне баса көңіл аударуға, жастарды қазақи дәстүр-салт аясында тәрбиелеуге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге атсалысуға ардагерлерді шақырды.

Құрметті Қордайлықтар!

Отбасында болып жатқан азын-аулақ дау-дамайларды сотқа сүйремей Билер кеңесін пайдаланып, елді татулық, бірлікке шақырайық. Қазіргі кезде көбейіп кеткен ажырасу мәселелеріне тоқтау жасатайық. Жастарымызды отбасында «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасында тәрбиелейік.

Біржан Әлімбет, аудандық Би, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.