БІЛІМ ОШАҒЫНА 100 ЖЫЛ

0

Аудан орталығына тиіп тұрған Әлжан ана ауылындағы білім шаңырағына биыл жүз жыл толып отыр. Мыңдаған шәкіртті ұядан ұшырған орда сол уақыттан бері еш үзіліссіз қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп аталатын білім ордасына арнайы барып қайтқан болатынбыз. Мерейлі жылға толып отырған мектеп жайлы бір үзік сыр шертсек.
Көпті көргендердің айтуынша бұл білім беру мекемесі аудандағы алғашқы мектеп бірі саналады. Осыдан елу жыл бұрынғы мұғалім Ж.Әбдірахмановтың мәліметіне сүйенсек, сол бір 1921 жылы Қордай ауданы аймағындағы Қалғұты, Жалаңаш, сондай-ақ Қараұшықты мекендейтін бытыраңқы қазақ ауылдары бір жерге көшіріліп әкеліп осы Қасық селосына тұрақтандырылады. Сол кездері ауыл балалары үшін мектеп ашу қажеттігін алға тартқанның бірі – Олпан Қариев. Ол сол уақтағы Совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан, 1918 жылдан КПСС мүшесі Қордай ауданындағы алғашқы партия ячейкасы, кейіннен Жетісу губерниясының бастығы болған екен. Сондай-ақ, бұл қатарда 1918 жылдан КПСС мүшесі, Қасық селосының байырғы тұрғыны, дербез пенсионер Мамыт Надырбаев, кедейлер тобының бастығы Әлтай Бөлтіріков, Ленин орденді қазақ ССР жоғары советінің депутаты Ермекбай Есбаев, республикаға еңбегі сіңген мұғалім Қияқбек Бірқожаев, алғашқы комсомол ұйымының бастығы Кіребай Сарыбаев та бар. Ал, көптен күткен мектеп қабырғасы 1922 жылы қаланып «Нариман болысының бірінші басқыш мектебі» деп аталады. Оған ең әуелі ескіше сауаты бар Майбұлақ Қаражанов арнайы шақыртылып, мұғалімдікке жіберіледі. Бұл өңірде тұңғыш ұйымдасқан қазақ мектебінің ол бірінші мұғалімі болады. Оқушылар осында әліппенің алғашқы бетін ашады. Уақыт өте ескіше сауат алып, әріп танушылардың саны да ұлғая түседі. Содан бұл мектеп 1928 жылға дейін бастауыш, кейін бес кластық мектеп болып қайта құрылады. Кей жылдары «Октябрь»-дің жеті жылдық жеміс мектебі» деп те аталған екен. Бұл есім сол жылдары мектеп жанынан жетім балалар үшін ашылған интернатқа байланысты берілген деседі. Содан бері селоның немесе колхоз-совхоздың атына байланысты «Қасық талапты орта мектебі» деп аталып келген. Ал, мектептің алғашқы меңгерушісі Даулетше Шамғұнов, кейін Исахан Сәрсебеков болса, одан кейін Мұғди Қадыкенов, Темірғали Майлин, Ермекбай Есбаевтар директор қызметтерін атқарып, мектеп болашағы үшін тер төгеді. Бұл жылдардың ішінде жас ұрпаққа білім беру мақсатында еліміздің әр түкпірінен көптеген мұғалімдер арнайы шақырылған. «Елу жылда ел жаңа» дегендей екі елуді өткерген бұл білім ордасында еңбек еткен жандардың әрбірін тізбектеу, әрине, мүмкін емес. Әрине, олар архивтің еншісінде қалатыны сөзсіз.
Мектептің алғашқы жылдарында 30-40 бала, 2-3 мұғалім мен 3-4 сынып қана болған. Ал қазіргі мектептің жай-күйіне кейінірек тоқталатын боламыз. Сондай-ақ, мәлімет иесінің баяндамасына сүйенсек, елге танымал бірнеше тұлғаларды мектеп өмірімен тығыз байланыстыруда. Оның ішінде Қазақ ССР оқу министрі Балжан Бөлтірікова, сол жылдардағы Семей облыстық советі атқару комитетінің председателі Екейбай Қашағанов, академик Нығмет Сауранбаев, еңбекшілер депутаттары аудандық советі атқару комитетінің председателі болған М.Смағұлов, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген дәрігер, Ленин орденді Жамила Шурина, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Мұратхан Тәнекеев, Қазақстанға аты әйгілі композитор Өмірбек Байділдаев, Қырғызстан мемлекеттік университетінің доценті, математика ғылымының кандидаты Сара Сәтіқұлова есімдері бар. Сонымен қатар, мектеп өміріне елеулі үлес қосып, өз уағында қашанда құрметке лайық болған жандардың қатарында сол кездері «Трудовик» колхозының председателі, Қазақ ССР жоғары Советінің депутаты С.Қожантаев, аудандық саниэпидемстанциясының бас дәрігері болған Қ.Саниязов, аталмыш мектептің директорлары Н.Тілеубаев, Н.Байқожаев, Н.Байділдаев, Ә.Уалиевтердің есімі мектеп тарихында қалғаны сөзсіз.
Осыдан тура елу жыл бұрын аталмыш мектеп мұғалімі болған Ж.Әбдірахмановтың бас басылымға «Талапты орта мектебіне жарты ғасыр» туралы мақаласы жарық көрген екен. Онда мерейлі жылды кең көлемді аталып өтетіні айтылғанын ескерсек болады.
«Үстіміздегі жылдың август айында Талапты орта мектебі коллективінің жас ұрпақтарға саналы білім сапалы тәрбие бере бастағанына 50 жыл толады. Осыған орай біздің осы мектепті бітіргендер қазір қай жерде, қандай қызмет атқарып жүргендері жайлы хабарлап, 9/12 мөлшерлі суреттерін жіберіп, мектеп музейі экспонаттарын толықтыра түссе дейміз» делінген.
Ол жыл әрине мектептің ескі ғимараты бар тұсында. Әуелі ашылғанда шағын ғана қос бөлмелі болған. Бала саны өсе келе нысан да үлкейе түседі. Бір кездері мектептен бөлек мұнда сырттан келер кедей балалары үшін интернатта салынған. Уақыт зырғып, заман өзгеріп ескі мектепке елу жыл толғанда ауылға жаңа мектеп ғимараты қажеттігі алға тартылады. Бұл шақта ауыл да едәуір үлкейіп, түтін саны артып, білім алушылар қатары да толая түседі. Сол кездегі басшылықтар мен ауыл жанашырлары арқасында ауылға зәулім сарайдай үш қабатты нысан салынады. Бұл 1972 жыл болатын. Алғашқы қоңырауы соғылып, жаңа мектепте оқуды қалаған қара домалақтардың арманы орындалады. Бұл кезде де елдің әр түкпірінен мықты мамандар тартылып, жас ұрпақ үшін білім беру жолына көп еңбектерін сіңірген. Ауылдың қанша ардақтылары да осында қызмет етті. Олардың есімдері әлі күнге мектеп тарихынан өшкен емес. Міне, содан бері дәл жарты ғасыр уақыт өте шықты. Бүгінде бұл білім ордасы №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп болып аталады.
Қабырғасы қаланғанына 50 жыл болған ғимаратқа 2020 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген болатын. Жөндеу жұмысынан кейін құлпырған ғимаратта бүгінде 950-ден астам оқушы білім алады. Ал оларға білім беру жолында 88 мұғалім қызмет атқарады. Барлығы дерлік жоғары білімді, өз ісінің мамандары. Еңбек өтілі едәуір ұстаздармен бірге жас мамандарда етене еңбек етіп келеді. Жетістіктері де аз емес. Аудандағы алдыңғы мектеп қатарынан түспейтін білім ұясы оны қашанда дәлелдеп келеді. ҰБТ бойынша да көрсеткіштері жоғары. Аудандық мектеп аралық пән олимпиадаларында да аталмыш мектеп оқушылары топ жарып келеді. Тек оқушылар ғана емес, ұстаздардың да жетістері жетіп артылады. Мұғалімдер облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап, жүлдесіз оралмаған. Бүгінде бұл мекемені білікті басшы Әлия Байгелова басқарады. Сондай-ақ, білім беруден бөлек оқушылар үшін қосымша жұмыстар да жасалынуда. Мәселен, №23 Т.Рысқұлов мектебінің өзіндік мектепішілік «Мектеп айнасы» атты шағын газеті бар. Онда шығармашыл оқушылар қызығушылық танытып, белсенділіктерін көрсетіп келеді. Оқушылардың шығармалары, өлеңдері, сонымен қатар мектеп жаңалықтары жарық көріп тұрады. «Qadam.FM» атты мектепішілік радиосы да бар. Мұны да белсенді оқушылар бос уақыттарында жүргізіп отырады. Ұзақ қоңырауда түрлі жаңалықтар айтылып, шұғыл хабарламалар таратылып тұрады. Бұл мектеп өмірінен тыс бос уақытты тиімді пайдалану мақсатындағы жұмыстарды жас маман Райхан Дүйсен қолға алып, ұйымдастырып келеді. Білім және спорт жағынан да озықтардың қатарынан табылатын мектепке жоғарыда атап өткендей биыл жүз жыл толып отыр.
— Біздің мектеп аудандағы алғашқы мектептердің бірі. Осындай ғұмырлы мектепте қызмет ету осындағы әрбір мұғалімге үлкен абырой. Биылғы мерейлі жылға деген жоспарларымыз да бар. Жоғары деңгейде өткізуді қалап отырмыз. Мектеп түлектерін шақырып, арнайы концерттік бағдарлама, конференция, дөңгелек үстел форматтарында жиын өткізсек дейміз. Сондай-ақ, ең бастысы біз осы білім ордасының жүз жылдығына орай мектеп тарихынан сыр шертетін кітап шығарсақ деген жоспарымыз бар, — дейді мектеп директоры Әлия Байгелова. Бүгінде жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмыстарын да бастап кеткен екен. Мектеп түлектерімен тығыз байланыста. Сондай-ақ, мектеп жайлы тың мәлімет білетін жандар болса білім ұясына қайырылуын сұрайды. Осы жылдың көктеміне қарай аталмыш іс-шара өткізетін болады. Осы Әлжан ана ауылындағы мектептен түлеп ұшқан әр түлекке келіп қатысу үшін мектеп есігі айқара ашық. Ендеше ғасырды бастан кешкен мектеп ұжымын құттықтай отыра, алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Мадияр ҚАРАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.