Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарат алаңында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы, Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековтың қатысуымен, 2024-2025 оқу жылының аяқталуы бойынша баспасөз конференциясы өткізілді.
Қордай ауданының білім саласы ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдарын және бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен білім саласына қатысты ҚР басқа да Заңдары мен нормативтік-құқықтық актілерін басшылыққа алып жұмыс атқарады.
Бөлім басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда Қордай ауданында 49 мемлекеттік, 21 жекеменшік мектептер бар. Оларда жалпы 31675 оқушы білім алуда. 2024-2025 оқу жылында 1 сыныпқа 2055 оқушы қабылданыпты.
Сапалы білімге қол жеткізу үшін, бірінші кезекте білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары үнемі бақылауда болуы шарт. Бұл ретте аудан мектептерінде бірқатар жұмыстар атқарылған екен. Мәселен, мектептердің ағымды жөндеу жұмыстарына және сұраныстарына сай кеңсе тауарлары, құрылыс заттары, еден төсеніштері мен жарықтандыру шамдары алынды. Тағы бір шешімін тапқан мәселе ол, Қызылсай ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Одан бөлек, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесіндегі оқушы орындарын, үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығы проблемаларын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында берген тапсырмасына сай Қордай, Қарасу, Қаракемер ауылдарында үш мектеп құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда Каракемер ауылында 300, Қарасу ауылында 300 орындық мектеп құрылыстары қарқынды жүргізілуде.
Цифрлық технологиялар барысында өскелең ұрпақтың бүгінгі күнде электрондық оқулықтарды сапалы қолдана білуі қажет. Бұл мақсатта 2024 жылы 2 бас-падан электрондық оқулықтар алынса, 11 баспадан кітаптар мен арнайы дәптерлер алынып, оқу процесінде қолданылуда екен.
Тікелей эфирде өткізілген брифинг барысында әлеуметтік желі қолданушыларынан түрлі сауалдар келіп түсті. Оның бірі аудан мектептерінде оқушылардың ыстық тамақпен қамтылу деңгейі.
«Ыстық тамақ мәселесіне келсек, мемлекеттік мектептердегі бастауыш сыныпта оқитын 9136 оқушы және 5-11 сыныптағы аз қамтылған отбасынан шыққан 4975 бала бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылған»,-деп жауап берді спикер.
Білім саласы бойынша баяндама жасаған Санат Сағынбекұлы аудан білім ошақтарының бірқатар жетістіктерін жіпке тізді.
«Былтырғы оқу жылындағы қызмет нәтижелерінің жиынтық көрсеткіші негізінде облыс мектептері арасында жүргізілетін мектеп рейтингінің көрсеткіші бойынша ауданымыздың 8 мектебі (№1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі, №3 Абай Құнанбайұлы атындағы, Ж.Аймауытов атындағы, №16 М.Лермонтов атындағы, №43 Б.Момышұлы атындағы, Әл-Фараби атындағы, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептері) облыс бойынша «Инновация режиміндегі мектеп» санатына енгізілді. Ерекше атап өтетін жайт бұл — «Инновация режиміндегі мектеп» санатындағы мектептер санының жыл сайын артуы»,-деді ол.
Жалпы, 2024-2025 оқу жылы ауданымыздың білім саласы үшін толағай табысты жыл болды деуге келеді. Оқушылар оқу жылы ішінде түрлі пәндік олимпиадалар мен жарыстарға қатысып, жалпы аудан қоржынына 103 облыстық жүлделі орындар мен 24 мадақтамалар әкелсе, республикалық деңгейде 12 жүлделі орындар мен 2 мадақтамаға ие болған. Осындай пәндік олимпиадалар мен жарыстарға өз оқушыларын жоғарғы деңгейде даярлаған №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейіне республика бойынша «Ең Үздік ауыл мектебі» атағы беріліпті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті еліміздегі орта білім беру ұйымдарының қызметіне кешенді талдау жүргізіп, Қордай ауданының №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы Қазақстанның ең үздік 100 мектебі тізіміне енгізілген.
Мемлекет пен қоғамның қажеттілігіне сәйкес келетін тұлғаны тәрбиелеп оқыту білім ошағының басты бағыты болып табылады. Әр оқу жылының соңында мектеп түлектері 11 жыл алған білімдерінің деңгейін сырттай бағалау Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінен де байқасақ болады. Дерекке сәйкес, 2024-2025 оқу жылында 9 сыныпты — 3016 оқушы, 11 сыныпты 1608 түлек аяқтапты. Нәтижесінде, 11 сынып түлектерінің 41-і Алтын белгіге, 45-і Үздік аттестатқа, 9 сыныптағы оқушылардың 115-і Үздік аттестатқа үміттеніп, өз білімдерін маусым айында болып жатқан қорытынды емтихандарда дәлелдемек.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ