Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Қай қоғамда да ұстаз құрметті орындардың төрінен табылады. Осындай мәртебелі мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардақты ұстаз – Қасенов Жасуда Сейітжанұлы биыл ұстаздық жолындағы 53 жылдық белесін еңсеріп отыр.
Әрбір адам жарқын болашақ пен кемел келешекке жетудің жолы – сапалы білім мен саналы тәрбие екеніне бек сенеді. Бұл жолда ең басты тірек – ұстаз. Себебі жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік ұялататын, санасына білім сәулесін құятын – дәл осы ұстаздар қауымы. Ұстаз – адам бойындағы асыл қасиеттерді баптап, бәсекеге қабілетті, отаншыл, өрелі ұрпақ қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Кейіпкеріміз Жасуда Қасенов 1955 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Алға ауылында дүниеге келіп, алғашқы білімін туған ауылындағы 8 жылдық мектептен алды. Одан кейін Қордай ауылындағы Абай атындағы орта мектеп интернатында 1969–1971 жылдары оқып, білімін жалғастырды. Мектеп бітірген соң, еңбек жолын Бішкек (бұрынғы Фрунзе) қаласындағы опера және балет театрында суретшінің көмекшісі болып бастады. Сурет өнеріне бейімділігі ерте кезден-ақ байқалған Жасуда Сейітжанұлы мектепте қабырға газеттері мен көрнекі құралдарды жасауда ерекше көзге түскен. 1972 жылы небәрі 17 жасында, Абай атындағы мектеп интернатының директоры Бақтыбек Исановтың ұсынысымен сурет пен сызудан мұғалімдік қызметке қабылданады. Арада көп уақыт өтпей, әскери борышын өтеу үшін Солтүстік теңіз флотына аттанады. 1972–1975 жылдары атомдық су асты қайығында қызмет етіп, тіпті Кубаға дейінгі 80 күндік әскери тапсырмамен су астында болғанын ерекше естелікпен айтып отырады. Әскерден оралған соң, туған ауылы Красногор ауданындағы Фурманов (қазіргі М.Смағұлов атындағы) мектебіне орналасып, 30 жыл табан аудармай еңбек етті. Оның 18 жылы мектеп директоры ретінде өтті. Кейінгі жылдары Қордай аудандық сырттай оқыту мектебінде, білім бөлімінде әдіскер, колледж оқытушысы, мектеп мұғалімі секілді түрлі қызмет атқарды. Зейнетке шыққаннан кейін де ұстаздық жолынан қол үзбей, қазіргі таңда Қордай Гуманитарлы-экономикалық колледжінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдері мен құқықтанушыларға дәріс оқып келеді. Жазғы демалыстарда да, ауыл іргесіндегі мектептерде тәрбиеші, дене тәрбиесі мұғалімі болып еңбек еткен. Жасуда Сейітжанұлы – бір ұл мен бір қыздың әкесі, бес немеренің ардақты атасы. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздың шәкірттері бүгінде ауданның бес бірдей мектебінде директорлық қызмет атқарып, ондаған түлегі білім мен құқық саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Мұндай өнегелі жол – нағыз ұстазға тән. Ол – ұлт болашағына қалтқысыз қызмет еткен ұрпақ тәрбиешісі, ауыл мен елдің абыройы, мақтанышы.