Бірлескен оқу-жаттығу өтті

0

4 қыркүйек күні Қордай ауылының аумағында аудандық жедел штабының ұйымдастыруымен «Қордай-Антитеррор-2025» атауымен терроризмге қарсы ауқымды оқу-жаттығу шарасы өткізілді.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – Қордай ауданы аумағындағы арнайы, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың терроризм қатері туындаған жағдайда жедел әрекет ету, қауіптің алдын алу және жою бойынша өзара іс-қимылын пысықтап, дайындық деңгейін арттыру болды.

Аталған іс-шара терроризмге қарсы күрес жөніндегі заңнамаға және қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұйымдастырылды. Жаттығу барысында шынайы жағдайға ұқсастырылған сценарий іске асырылып, әртүрлі қауіп-қатер жағдайында әрекет ету тетіктері тексерілді.

Оқу-жаттығу барысында арнайы жасақ, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен іс-әрекеттері үйлестірілді, қауіпсіздік аймақтары белгіленіп, тұрғындарды эвакуациялау мен қорғау шаралары пысықталды, жол қозғалысы уақытша шектелді, арнайы техникалар мен қызметкерлер жұмылдырылып, төтенше жағдайлар кезінде халықпен байланыс орнату және ақпарат алмасу жүйелері сыналды.

Оқу-жаттығу кезінде Қордай ауылының кейбір көшелерінде автокөлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысына уақытша шектеулер енгізілді. Осыған қарамастан, тұрғындар мен қонақтар тарапынан түсіністік пен сабырлылық танытылып, барлық қауіпсіздік талаптары сақталды.

Қордай аудандық жедел штабы барша азаматтарға оқу-жаттығу шараларына көрсеткен түсіністігі мен қолдауы үшін, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындағаны үшін шынайы алғыс білдіреді.

«Қордай-Антитеррор-2025» оқу-жаттығуы аудан аумағында террористік сипаттағы қауіптердің алдын алу, жою және тиісті құрылымдардың дайындық деңгейін бағалау мақсатында өткізілген жоспарлы шара.

Мұндай тәжірибелер елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.