БІРЛІК ПЕН БЕЙБІТШІЛІКТІ НЫҒАЙТУ ЖОЛЫНДА

0

Марат Алмасұлы аудан әкімдігінің мәжіліс залында этномәдени бірлестігінің жетекшілері және белсенділерімен кездесу өткізді.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов модераторлық еткен жиынға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, ҚХА және «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты.

Кездесу ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылып, ел бірлігінің тірегі саналатын Ассамблея жұмысының маңыздылығына тағы бір мәрте назар аудартты. Модератор өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА ХХХІV сессиясында жүктеген нақты тапсырмаларын атап өтті. Мәселен, өңірлерде Ассамблея жұмысын жандандыру, ақпараттық кеңістікте татулық пен келісім идеясын кеңінен насихаттау, этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселесін саяси ойын құралына айналдырмау қажеттігіне тоқталды. Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов сөз алып, Ел Президентінің тапсырмаларын тарқатып, қоғамдық келісімді сақтау жолында өңірлердегі этномәдени бірлестіктердің жауапкершілігі зор екенін атап өтті.

Кездесу аясында ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты нығайту жолында белсенділік танытқан бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы орынбасарының Алғыс төсбелгісімен және Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ, Марат Әзілханов «Ассамблея жастары» РҚБ Қордай ауданындағы өкілдерімен еркін форматтағы кездесу өткізді.

Көпұлтты Қордай ауданында түрлі этностардың жастары «Ассамблея жастары» қозғалысы төңірегіне топтасып, қоғамдық келісім мен бірлік идеяларын дәріптеуде үлкен рөл атқарып келеді.

Кездесу барысында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Джумурбаев сөз алып, бірлестіктің негізгі міндеттері, жүзеге асып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады. Ол жастардың этносаралық келісімді нығайтуға, мәдени көптүрлілікті сақтауға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.

Жиынның қорытынды сөзін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов сөйледі. Марат Алмасұлы жастарды қоғамдық келісім, достық пен елдік мүдде жолында белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Қордай — сан түрлі ұлт өкілдері тату өмір сүріп жатқан бірегей өлке. Бүгінгі кездесу осы татулықтың жарқын айғағы болып, жастар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудың игі қадамына айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.