Аудан алқаптарында еңбек көрігі қызып тұр. Нәпақасын Жер-анадан теретін диқандар бүгінде жұмысқа білек сыбана кіріскен. «Қыстың қамын жаз ойлайлаған» шаруаның әр күнгі жұмысы қыстағы азығы екені анық. Дәл қазір еңбеккерлер шабындыққа мықтап ден қойған. Техникалардың көмегімен алқаптардан жоңышқа, эспарцет шабылып жатса, тау, сай-саладағы шөптер де шалғыға түскен.
Мәселен, Сұлутөр ауылдық округіне қарасты «Жас қанат» шаруа қожалығының еңбеккерлері жақында 1000 рулон шөп жинап алды. Шаруа қожалығының басшысы Асхат Акиловтың айтуынша, биыл табиғаттың мінезі жайлы. Көктем уақытында келіп, жауған жауынның мөлшері де көңіл көншітетіндей. Осының арқасында егін бітік шығып, шөп те молынан жиналып келеді. Жұмысын 1997 жылдан бері дөңгелетіп келген шаруа қожалықта бүгінде 15 шақты жұмысшы тер төгеді, барлығы жергілікті тұрғындар. Шаруа қожалыққа тиісті 3000 гектар жерде жұмыс жасау үшін 20 дана техника қарастырылған. Ауыл шаруашылық техниканың біразын Асхат Акилов кезінде «ҚазАгроҚаржы» ұйымынан жеңілдетілген пайызбен алған екен.
Биыл «Жас қанат» шаруа қожалығы 200 гектарға арпа, 200 гектарға бидай, 100 гектарға эспарцет және 20 гектарға жоңышқа еккен.
Шаруа қожалық өкілдері мал шаруашылығына да көңіл бөледі. Мың бас қой мен 100 бас жылқы қазіргі уақытта жайылымда.
— Ауыл шаруашылығымен айналысу үшін ең бастысы күш-жігер, мықты қабілет керек. Шаруаның күні таң атысымен басталып, кеш батқанға шейін тоқтамайды. Мысалы, қазіргі таңда біз шөп жинаумен әлекпіз. Жақында жауапты науқан – егін оруға да дайындықты пысықтау қажет. Механизаторлар техниканы сайлап, дайындап жатыр. Биылғы жауын-шашынның әсерінен шөп бағасы өткен жылғыдай қымбаттап кетпейді деп ойлаймын, — деген Асхат Акилов ауылда жастар тұрақтамайтынына қынжылатынын жасырмады. Оның айтуынша, қазірде жастар қалаға қарай ұмтылады, ал ауылшаруашылығымен айналысамын дейтіндер аз.
Өткен жылы жасқанаттықтар сплиттер блоктарын шығаратын станок сатып алып, 40 мыңға жуық сплиттер блогын жасап, сатқан. Алайда, биыл блоктарды жасауға уақыт жетпейді, барлық жұмысшылар алқапта.
Атап өту керек, істің көзін тауып, шаруасын дөңгелеткен Асхат Акилов қайырымды істерге де атсалысады. Әрдайым ауылдағы мерекелік іс-шараларға демеушілік жасап, қолдап отырады екен.
Еркін Қатбеков