БІТІК ЕГІН – БЕРЕКЕ

0

Қазіргі таңда еңбектің мәні мен маңызы арта түскені ақиқат. Онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екендігі белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көптеп үлес қосып келеді.

Жаз – шаруа айы. Әсіресе диқаншылар үшін ең бір мазасыз шақ. Аталмыш науқанның маңыздылығын терең түсінген басшының да, шаруаның да қазіргі іс-қимылы табиғат ана бұйыртқан несібеден құр қалмау екенін аңғартады. Редакция тілшілері, диқандардың тынымсыз тірлігін қызықтай қарап, сұхбат жүргізу үшін, «Бәйтерек» шаруа қожалығына ат басын бұрдық.

Жол басшымыз аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов.

Тек істің көзін тауып, ерінбеген жан ғана диқан бола алмақ. Дәнін сақтаған, жерін баптаған Қордайлық диқан қауымының мерей-мәртебесі үстем болуда.

Егінді оруды бастағандардың бірі – Қордай ауданындағы «Бәйтерек» шаруа қожалығы 2007 жылы құрылған. Бүгінгі таңда шаруа қожалық басқарушысы Саят Мұздыбаевтың айтуынша, 130 гектар егіс алқабына арпа дақылының канадалық «Элвин» сорты себілген екен. Егін жинау науқанына «John Deere» маркалық 2 бірлік комбайн, 2 бірлік трактор және 2 бірлік «Камаз» ауылшаруашылық техникалары жұмылдырылыпты.

Егіс алқабы басында қайнаған еңбек. Тәжірибелі мамандар тізгіндеген комбайн бір айналып орақ салып өтсе, бір бункер аузы-мұрнынан шыға, лық толуда.

«Биыл егін бітік шықты. Былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділігі жоғары. Гектарынан 20 центнерден түсім алынуда. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, қазір науқанның қызған уақыты. Мұндай кезде біз үшін ең қымбат нәрсе ол – уақыт. Таң қылаң беріп, далада көз байланғанша егінжайдамыз. Жауын-шашынға ұрынбай, мына жайқалып тұрған ен байлықты игеріп алу – қожалықтың бүгінгі мақсаты», — дейді Саят Мұратұлы.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.