«Жаз келсе, бала күлкісі мен күн сәулесі жарысады» — дейді халқымыз. Расында да жазғы демалысқа шығып, алаңсыз демалуға асық балалар үшін жаз-армандар орындалатын мезгіл іспетті. Ал, бұл арманның мекені-Қордайдағы «Балауса» лагері деп айта аламыз.
Сан жылдар бойы балалардың шаттығы мен қуанышының куәсі болған бұл орын-әр баланың жүрегінде ұмытылмас естелікке айналған. Лагерь-бүгінгі күні де өз мәнін жоймаған, қайта заман талабына сай жаңарып, жыл сайын жүздеген балаға шаттық сыйлап келеді.
Балауса лагері-балаларды сауықтыруға арналған жазғы демалыс орны. 1977 жылы құрылған балалар мекеніне биыл 48 жыл толып отыр. Лагерь жаз аралығында 4 ауысым бойынша жұмыс жасайды. Яғни, төрт лек оқушыларды қабылдайды. 2025 жылғы жоспарға сәйкес, әр ауысым 12 күнге созылады. І-ші ауысым 9-21 маусым аралығында басталады деп күтілуде. 2 тамызда соңғы ауысым аяқталады.
6 гектарлық аумақта орналасқан лагерь бір мезгілде 300-ге жуық бала қабылдай алады. Ал, осы жылы 1200 баланы қабылдауға даяр отырған балалар мекенінде қазір дайындық қызған шақ. Биыл «Балаусаға» Қордай ауданы бойынша 1000 бала келеді екен, 200 оқушы Тұрар Рысқұлов ауданынан келмек. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік осал топтағы, дарынды және оқу үлгерімі жақсы, шығармашыл балаларға ерекше басымдық берілмек.
Лагерь аумағында асхана, сахна, бассейн, ойын алаңдары және 6 жасаққа арналған тұрғын корпустар орын тепкен. Балалар үшін әр жасаққа Қордай ауданының мектептерінің тәжірибелі мұғалімдері бастап, жетекші болады. Олар балалардың қауіпсіздігіне жауап беріп қана қоймай, шығармашылық, тұлғалық даму жолында қызмет етеді. Және мектептік спорт жетекшілері, дене тәрбиесі нұсқаушылары балалардың физикалық дамуына басымдық береді. Балауса лагері-тек демалыс орны ғана емес, тұлға тәрбиелеп, қалыптастырушы орта.
Мұнда балалар жаңа достар табады, өнер мен спортқа қызығушылығын арттырып, өз ойын ашық жеткізуге дағдыланып, адамдармен коммуникация жасауға бейім болады. Бұның барлығы күнделікті өтетін іс-шаралар арқасы, яғни, ән, би, концерт, жарыс, спорттық ойындар т.б. Лагердің бас директоры Р.Ағыбаева бастаған тәжірибелі мамандар биылғы демалыс уақытында балаларға естен кетпес сый жасауға дайын.
Балауса лагері — жай ғана демалыс орны емес, балалық шақтың естен кетпес естелігі. Керемет мекенде болған жандар арада ондаған жылдар өтсе де, сол бір кездің шуақты күндерін ыстық сезіммен еске алып отырады. «Біз сұлумыз, балдаймыз — Балаусаны таңдаймыз!»- деген ұранмен жазғы күндердің әр сәтін жарқыратып, болашақ ұрпаққа шабыт сыйлайтын Балауса лагері балалар жадында мәңгіге ойып тұрып орын алатыны сөзсіз.
Аружан Қадір, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті