Медицина мен әдебиет. Екеуі де емдейді. Біреуі – тәніңді, біреуі – жаныңды. Әрқайсысының жүгі ауыр. Бірақ соған қарамастан екеуін бірдей арқалағандар бар.
Биыл киелі Әулиеата өңірі үшін кітап оқу жылы болып жарияланды. Осы ретте, Қордай аудандық орталық ауруханасында ізгілікті шара өтті. Атап айтқанда, хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі хирург Жақсымбаев Нұрлан Бұлантайұлының орталық аурухананың 100 жыл толуына орай «Избранные вопросы практической медицины» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Салтанатты рәсімге орталық аурухананың бас дәрігері Айдын Байбеков, денсаулық сақтау саласының ардагері Зәуреш Қадырбекова, медицина мамандары, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мадина Жүнісқұлова қатысты.
Шарада аурухана бас дәрігері Айдын Оскарұлы құттықтау сөз сөйлеп, Нұрлан Бұлантайұлының жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімін ұштастыра отырып шығарған жаңа кітаптың болашақ медицина мамандарын тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының ардагері Зәуреш Қалқаманқызы, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің өкілдері кезекпен сөйлеп жылы лебіздерін білдірді.
Аталған кітап – жылдар бойы жинаған кәсіби тәжірибе мен білімнің, мыңдаған ота жасау барысында қалыптасқан шеберліктің нәтижесі. Автор өз еңбегінде хирургиялық көмек көрсету барысында жиі кездесетін клиникалық жағдайларды, нақты шешімдер мен практикалық ұсыныстарды қамтып отыр.
Айта кетсек, жоғары дәрежелі хирург Нұрлан Бұлантайұлы 1998 жылы Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясына қабылданып, 2006 жылы «емдеу ісі» мамандығын меңгерген. Еңбек жолын сол жылдары Қордай аудандық орталық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастаған. Аталмыш ауруханада түрлі лауазымды сатыдан өткен қолы шипалы дәрігер 2014-2015 жылдары бас дәрігердің орынбасары лауазымында да абыр-ойлы міндеттер атқарды. Сонымен қатар, 2015-2023 жылы дәрігер-хирург қызметіне қайта оралып, науқастардың алғысына бөленіп келген білікті маман. Көптің ойынан табылып, ақ халатының абыройына дақ түсірмей алғысқа бөлену – бақыттың биігі. 2023 жылдан күні бүгінге дейін хирургия бөлімшесінің меңгерушісі лауазымын атқаруда.
Әрдайым кәсібіне адал ақ халатты абзал жанның денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, Қырғызстан мемлекетінің медицина ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық медицина университетінің «хирургиялық және арнайы клиникалық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Қасымбек Мұқанбаевпен бірлесуімен хирургия саласында 6 монографиялық авторлық еңбегі жарық көрді.
Көпжылдық еңбегі бар білікті хирург 2022 жылдан бері білгенімен бөлісіп, өз саласында ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысып келеді.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ